«Рухын қорлады»: Бейбіт Әлібеков жасөспірімнің қазасына қатысты сотқа бармай қойған

Іле аудандық сотында резонансты іс бойынша қаралып жатқан сот отырысында адвокат Сәуле Көбжанова 25 жылдық тәжірибесінде алғаш рет судьяға екі мәрте қарсылық білдіргенін жазды. Бұл шешім жәбірленуші тараптың құқықтарының бұзылуына байланысты қабылданған, деп хабарлайды saDaq.kz сайты Azattyq Ruhy порталына сілтеп.
«Оқиға барысында жәбірленуші – марқұмның әпкесі соттың әрекеттерін «бауырының рухын қорлау» деп бағалады. Оның айтуынша, судья жәбірленуші тараптың адвокаттарына куәгер – танымал блогер Бейбіт Әлібековке сұрақ қоюға мүмкіндік бермеген. Процестің күрделі тұстарының бірі – Бейбіт Әлібековтің онлайн режимде жауап беруіне рұқсат ету болды. Бұл шешімге дейін соттың өзі процестің тек офлайн форматта өтетінін бекіткен еді. Алайда блогердің адвокаты оның Астанада жүргенін негізге алып, одан онлайн жауап алу туралы шешім қабылдады», - деді Көбжанова.
Адвокат бұл шешімге қарсы шығып, Бейбіт Әлібеков – дәл сол күні Қарағандыда болғанын, әрі сұраудың алдында әдейі ұшып кеткенін атап өткен.
Осыны анықтаған адвокат сұрауын жалғастырмақ болғанда, судья дауыс көтеріп, тіпті телефонды тартып алуды талап еткен.
«Кейін менің әріптесім адвокат Гаухар Сәлімбаева сұрақ қоя бастаған сәтте де судья оны бірнеше рет тоқтатып, ақыры мүлде сөйлетпей қойған. Оған қолдау білдірген әріптесі де соттың қатты айғайына тап болды», - дейді Көбжанова.
Оның айтуынша, адвокаттарда судьядан бас тартуға құқық жоқ болып отыр.
«Біз судьяның әрекеттеріне ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 334-бабы 2-бөлігіне сәйкес ресми қарсылық білдірдік. Бірақ сот бұл құқықты мойындамай, оны қабылдаудан бас тартты.Сот процесіндегі осы оқиғаларға байланысты марқұмның анасы алғашқы күні, ал әпкесі бүгін сот залынан кетіп қалды. Адвокаттың айтуынша, бұл – сотқа деген сенімнің жоғалғанының көрінісі», – деп атап өтті адвокат.
Еске салсақ, 29 қазанда Алматы – Астана трассасының бойындағы «Сокол» автодромында жас жігіт белгілі блогер Бейбіт Әлібековтың көлігімен қауіпті трюк жасамақ болып қаза тапқан болатын. 22 жастағы блогер Батырхан Ержанов жүріп келе жатқан көліктен секіруі керек болған. Алайда Lamborghini рөлінде болған 45 жастағы Анатолий Подлипалин трюк орындау барысында Ержановты басып кеткен.
Оқиғадан кейін Батырхан Іле ауданының орталық аудандық ауруханасына түскен. Дәрігерлер қанша тырысқанымен 30 қазан күні жас жігіт көз жұмды.
Бейбіт Әлібеков қайтыс болған жігіт өзінен бірнеше рет көлігін сұрағанын, бірақ бұл ойға күмәнмен қарайтынын жеткізіп, телеграм-каналында қауіпті трюкті орындау үшін Lamborghini көлігін беру-бермеу туралы сауалнама өткізген. Алайда ақыры көлігін сеніп тапсырған. Оның арты осындай қазаға ұласқан еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






