Шымкенттегі шенеунікке шабуыл: Сотта куәгер Жиембайдың сөзін растады

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот отырысында куәгергерлердің бірі Ернар Жиембайды жұмыстан босатуды жоспарлағанын растады, деп хабарлайды sadaq.kz сайты stan.kz-ке сілтеп.
Шымкенттегі сотта куәгерлерді сұрау басталды. Алғашқы болып құрылыс басқармасы құрылыс нысандарын бақылау бөлімінің басшысы Аманғали Кенжебеков түсініктеме берді.
Оның айтуынша, 21 сәуір күні басқарма басшысының орынбасары Ажибаев қоңырау шалып, Жиембайдың жұмыстан шығу туралы өтініш жазған-жазбағанын анықтап беруді сұраған. Сол кезде Жиембай "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС директоры қызметін атқарған. Қоңыраудан кейін Кенжебеков мән-жайды білу үшін Жиембаймен хабарласқан.
"Ернар "Неге бұлай істейді, оған бір ай уақыт берген жоқ па?" деп жауап берді. Бұған дейін мен Жиембайдың тарапынан ешқандай тәртіп бұзу немесе заңсыз әрекет байқамадым", – деді Кенжебеков.
Куәгердің айтуынша, Жиембайды тағайындау немесе қызметтен босату басқарма басшысының құзыретінде, ал Берденов оны қызметтен ала алмайды.
Өткен сот отырысында айыпталушы Ернар Жиембай жәбірленушіні тек қорқытпақ болғанын айтқан еді. Ол олардың арасындағы жанжал Берденовтың оның жарына қатысты әрекеттерінен туындағанын мәлімдеді. Жиембайдың сөзінше, шенеунік өз қызметтік өкілетін пайдаланып, өзін "қаматамын" деп қорқытқан. Сондай-ақ айыпталушы жәбірленуші одан Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке жала жабуды талап еткенін жеткізді.
Еске салайық, Берденовке қастандық 21 сәуір кешке жасалған еді. Шенеунік оқ жарақатымен ауруханаға түсті. Алдын ала мәлімет бойынша оған оқ атқан адам Шымкент әкімдігіне қарасты серіктестік қызметкері. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталған. Алғашқыда бұл оқиғаға қызғаныш немесе әдепсіз қылық себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған еді. Алайда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Әйгерім Жұмақұлова бұл нұсқаны жоққа шығаруға асықты.
Сіздің реакцияңыз қандай?






