«Тірі лоттың бағасы – 935 теңге»: Қазақстанда қызметтік иттер аукционға сатылымға шықты
Желі қолданушылары мемлекеттік сатып алу сайтындағы (Gosreestr.kz) кезекті лотқа таңдануда. Көп жылдар бойы шекара күзетіп, есірткі іздеп, елге қызмет қылған неміс овчаркалары небәрі 935 теңгеге бағаланып, «биологиялық актив» ретінде сатылып жатыр. Бұл туралы Sadaq.kz ақпараттық порталы хабарлайды.
Threads әлеуметтік желісінде кен.daniaar есімді қолданушының жазбасы нағыз резонанс тудырды. Оның айтуынша, мемлекеттік тізілім сайтында ескі техникалар мен жарамсыз кеңсе тауарларының арасында тірі жан иелері – қызметтік иттер тұр. Жүйе үшін бұл жай ғана «есептен шығарылған мүлік» болса, халық үшін бұл – сатқындықпен тең дүние.
«Сенімді серік, ел үшін еңбек еткен жануарлар жүйе үшін жай ғана «биологиялық актив». Бұл өте өкінішті», – деп жазады желі қолданушысы.
Аукционға шыққан «Майбах» пен «Маркиза» есімді неміс овчаркаларының бастапқы бағасы – 935 теңге. Тіпті, кейбір пікір қалдырушылар бұл соманың бір кесе кофеден де арзан екенін айтып, ашуға булығуда. Жазба астындағы жұртшылықтың пікірі екіге жарылды: бірі бұл жануарларды аяса, енді бірі мемлекеттік жүйенің мұндай қатыгездігіне наразы.
«Жылдар бойы қызмет еткен досыңның бағасы 500-900 теңге болғаны жүректі ауыртады», – дейді durzhanna есімді қолданушы. «Оларды сатқанша, баққан кинологтарына немесе еріктілерге тегін бермеске?» – деген ұсыныстар да аз емес.
Құжат бойынша бұл иттер «Қазспецэкспорт» арқылы сатылымға шығарылған. Аукцион 2026 жылдың 20 ақпанына белгіленген. Бұл процедура «заңды процесс» болғанымен, қоғамның мұны моральдық тұрғыдан қабылдауы қиын. Адамдарды қызметтік иттердің тағдыры, оларды кім сатып алатыны және кейінгі күтімі қалай болатыны қатты алаңдатады.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0