Түркістан: биыл Қазығұртта 16 ірі инвестициялық жобаны іске асырып, 300-ден астам жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында 2025 жылы жалпы құны 52,3 млрд теңгені құрайтын 16 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі және энергетика салаларын қамтитын жобалардың нәтижесінде 327 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Sadaq.kz. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында құны 7,2 млрд теңгені құрайтын 42 кәсіпкерлік жоба іске асырылып, қосымша 361 адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында мәлім болды.
Жиында Қазығұрт ауданының инвестициялық әлеуетін арттыру, өндірістік жобалардың іске асу барысы, кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шаралары, инфрақұрылым мәселелері және жаңа өндіріс орындарын іске қосу бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды. Облыс әкімі инвестициялық жобаларды белгіленген мерзімде жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне инвесторлармен тұрақты байланыс орнатып, туындаған мәселелерді жедел шешуді тапсырды.
Инвестициялық штаб отырысында баяндалғандай, биыл іске асырылатын 16 жобаның ішінде ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 13,6 млрд теңгені құрайтын 7 жоба, ал өнеркәсіп саласында 38,7 млрд теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылады. Аталған жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және жергілікті бюджеттің кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Өндірістік алаңдар кеңейіп келеді
Қазығұрт ауданында шағын өндірістік алаңдарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа өндірістер ашуға және жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға бағытталған.
Қазіргі уақытта Тұрбат ауылында көлемі 1 гектар болатын өндірістік алаңда 6 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Мұнда кәсіпкерлерді орналастыру, өндірістік инфрақұрылым тарту және қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Қызылқия ауылдық округінде тағы 5 инвестициялық жобаның құрылысы биылғы мамыр айында басталады. Бұл өндірістер іске қосылғаннан кейін ауданның кәсіпкерлік белсенділігі артып, жаңа жұмыс орындары құрылмақ.
Агроөнеркәсіп кешенінде ауқымды жобалар қолға алынған
Ауыл шаруашылығы – Қазығұрт ауданы экономикасының негізгі салаларының бірі. Сондықтан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Атап айтқанда, Тұрбат ауылында 60 гектар аумақта заманауи жылыжай кешені салынуда. Жоба іске қосылғаннан кейін жыл бойы көкөніс өнімдерін өндіруге мүмкіндік беріп, ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға үлес қоспақ.
Сонымен қатар «Қарқын 2030» серіктестігі 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын салып жатыр. Жоба ет өндірісінің көлемін арттырумен қатар, өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Ал «Қанатбек» шаруа қожалығы 1000 басқа арналған мал шаруашылығы кешенін, «Маржан и К» серіктестігі 300 басқа арналған сүт-тауарлы ферманы іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жобалар ауданның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Қайта өңдеу өнеркәсібі қарқын алып келеді
Қазығұрт ауданында шикізатты терең өңдеу және дайын өнім өндіру бағытында да бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Мәселен, «Қарқын 2030» серіктестігі шұжық өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту жұмыстарын қолға алған. Бұл жоба ішкі нарықты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.
Ал «Көрік» серіктестігі табиғи шырын өнімдерін шығару өндірісін кеңейтіп жатыр. Кәсіпорын өңірде өсірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу арқылы қосылған құны жоғары өнім шығаруды көздейді.
Сонымен бірге «САПА 2002» серіктестігі су үнемдеу технологияларын енгізіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Бұл өндірістер су ресурстарын тиімді пайдалануға және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Өнеркәсіп пен энергетикада жаңа кәсіпорындар іске қосылады
Ауданда өнеркәсіп саласында да бірқатар маңызды өндіріс орындары ашылмақ.
«AGRO-IRRIGATION» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі суару жүйелеріне арналған құбыр өндірісін іске қосса, «ALPHA CONSULTING» құрылыс материалдарын шығаратын жаңа кәсіпорын салуда.
Сондай-ақ «ЮСТАЛЬКОН» ЖШС металл конструкцияларын өндіретін заманауи зауыттың құрылысын жүргізуде. Бұл кәсіпорындар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, құрылыс индустриясының дамуына серпін береді.
Бұдан бөлек, «Бес құдық тас» серіктестігі кварц құмын өңдеу жобасын жүзеге асыруда. Бұл өндіріс ішкі нарықтағы өнеркәсіптік шикізатқа деген сұранысты өтеуге мүмкіндік береді.
Энергетика саласында да маңызды жобалар жоспарланған. Атап айтқанда, «SMART RE ENERGY» және «ASR ENERGY» компаниялары су электр станцияларын салуды көздеп отыр. Ал «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы қуаттылығы 250 МВт болатын қосалқы станцияның құрылысын бастайды. Бұл жобалар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, жаңа өндірістерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Қазығұрт ауданында Қытай Халық Республикасының инвесторларымен бірлескен жаңа жоба қолға алынбақ.
Тараптар теріні терең өңдеу және желатин өндіру жобасын жүзеге асыру жөнінде келісімге келген. Жоба іске қосылғаннан кейін ауыл шаруашылығы өнімдерін толық өңдеу деңгейі артып, экспортқа бағытталған өнім көлемі ұлғаяды деп күтілуде.
Биыл аудан экономикасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде.
Жалпы құны 7,2 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 361 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл бастамалар жергілікті кәсіпкерліктің дамуына серпін беріп, аудан тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, Қазығұрт ауданында инвестициялық белсенділік жылдан-жылға артып келеді. Соңғы жылдары өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу кәсіпорындарын іске қосу және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы Қазығұрт ауданында негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 47,9 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,4 пайызға өскен. Оның ішінде инвестициялардың 89,6 пайызы жеке қаражат, 4,6 пайызы бюджет қаражаты, ал 5,6 пайызы өзге де қарыз қаражаттары есебінен қалыптасқан.
Соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі 125 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш Қазығұрт ауданының инвестициялық тартымдылығының артып келе жатқанын және өңірде жаңа өндірістер мен кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай қалыптасқанын көрсетеді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0