Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мәдениет саласының басшылары мен қызметкерлерімен жиын өткізіп, өңірдегі мәдениет пен руханият салаларын дамыту мәселелерін кеңінен талқылады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Басқосуда мәдениет саласының өзекті түйткілдері ортаға салынып, шешу жолдары және алдағы жоспарлар мен міндеттер айқындалды. Облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға осы бағытта нақты бағдар беріп, жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
– Мемлекет басшысы мәдениет пен өнерді дамыту мемлекетіміз үшін негізгі басымдықтың бірі саналатынын жеткізді. Сонымен қатар ұлт руханиятын жаңғырту ісіне қатысты нақты шаралар қолға алынып жатқанын атап өтті. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров облыс көлемінде өтетін іс-шаралардың концепциясын қайта қарап, креативті идеяларды пайдалана отырып, ұсыныс енгізу қажеттігін айтты. Осы бағытта жұмыстарды күшейту керек. Мәдениет саласы – облыстың рухани дамуының тірегі. Сондықтан мәдениет саласын дамыту бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын жандандыруды тапсырамын, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Түркістан – түркі әлемінің рухани орталығы екенін атап өтіп, өңірде халықаралық мәдени іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру, туристерге арналған ерекше қойылымдар ұсыну, театрлардың ашық аспан астында өнер көрсетуін жандандыру қажеттігін тапсырды. Облыстағы үш театр шалғай елдімекендерге гастрольдік сапарлар ұйымдастыруы тиіс. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурс, қуыршақ театрын, «TURKISTAN BOOK FAIR» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін келесі жылы да ұйымдастыру бағытында нақты жұмыс пен нәтиже күтетінін айтты.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әділ Қонысбековтың айтуынша, Түркістан облысында мәдениет басқармасы негізгі 6 бағыт бойынша халыққа қызмет көрсетеді. Олар: театр саласы, концерттік ұйымдар, музей, кітапхана, тарихи-мәдени мұралар, тілдерді дамыту және ономастика салалары. Аталған бағыттар бойынша басқармаға қарасты 24 мәдениет мекемесі бар. Өңірдегі 3 кәсіби театрда биыл 12 айда 22 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 498 спектакль қойылып, 78 798 көрермен қамтылды.
Түркістан облысында Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешені қызмет көрсетіп келеді. Екі концерттік ұйымда биыл 292 концерт және мәдени іс-шара өткізіліп, 158 220 көрермен қамтылды. Қазіргі таңда барлық саланы цифрландыру бойынша жұмыстар қарқынды жүруде. Осыған орай, облыс көлемінде өтетін шараларға жасанды интелект элементтерін пайдаланып, жаңа технологияларды енгізе отырып өткізу тәжірибесі «Жыл үздігі – 2025» салтанатты шарасында қолданылды.
Облыстағы 24 музейде 2025 жылдың 12 айында 768 көрме, 8280 экскурсия, 634 көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Музейге келушілер саны 271 263 адамды құрады. Биыл 3265 жәдігер жинақталып, жалпы жәдігер саны 178 028 дананы құрады. Қазіргі уақытта облыста 388 көпшілік кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. 2025 жылғы 12 айда 14 365 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 64 009 дана жаңа кітаппен толықтырылды. Жалпы кітап қоры 6 057 143 данаға жетіп отыр.
Түркістан облысында елді мекендерді мәдениет ошақтарымен қамту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, облыстағы 807 елді мекеннің тек 258-інде ғана мәдениет ошағы бар. Осы өзекті мәселені шешу үшін аудан, қала әкімдіктерімен бірлескен жұмыстар қолға алынды.
2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бәйдібек, Мақтаарал, Түлкібас, Сауран аудандарында 5 мәдени нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Түркістан қаласында 1 мәдениет үйі ашылды. 2026 жылы тағы 10 мәдениет нысанының құрылысы аяқталып, халыққа қызмет көрсетуі жоспарланып отыр. Бұл нысандар Сауран, Түлкібас, Сарыағаш, Келес, Ордабасы, Жетісай аудандары мен Кентау қаласын қамтиды. Қазіргі таңда басқарма тарапынан 2025-2029 жылдарға арналған мәдениет саласын дамытудың арнайы жол картасы әзірленді. Аталған құжат негізгі 5 бағытты қамтиды.