Түркістан облысында шегірткеге қарсы препараттардың сапасы қатаң бақылауға алынып, жұмыс жандана түсті

Сәуір 28, 2026 - 17:29
app_badging Тамыз 5, 2026 - 20:30
chat_bubble  0 visibility  1
Түркістан облысында шегірткеге қарсы препараттардың сапасы қатаң бақылауға алынып, жұмыс жандана түсті
Фото: Түркістан облыстық әкімдігі

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, фитосанитариялық ахуалды тұрақты сақтау мәселесі ерекше бақылауға алынған. Өңірде зиянкестердің таралуын алдын алу, олардың ошағын дер кезінде анықтау және егістік алқаптарға келетін залалды барынша азайту мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық еткен арнайы мәжілісте жан-жақты талқыланды. Жиында шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізіліп жатқан фитосанитариялық іс-шаралардың барысы, мониторинг жұмыстарының нәтижесі, химиялық өңдеу шараларының сапасы және алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды.

2026 жылы облыстағы фитосанитариялық ахуалды тұрақты сақтау мақсатында облыс әкімінің өкімімен арнайы штаб құрылып, оның жұмысы жолға қойылған. Арнайы штаб зиянкестерге қарсы күрес шараларын бір орталықтан үйлестіру, ауданаралық жұмыстарды тиімді ұйымдастыру және жедел шешімдер қабылдау бағытында қызмет атқарып келеді.

Шегірткеге қарсы күрес картасы әзірленіп, зиянкес таралуы мүмкін аумақтар 65 секторға бөлінді. Әрбір секторға жауапты жұмыс топтары бекітіліп, олардың міндеттері нақты айқындалған. Жалпы 65 жұмыс тобы құрылып, олар белгіленген аумақтарда тұрақты мониторинг жүргізуде.

Жедел штаб Келес ауданының Бірлік ауылдық округінде орналасып, өңірдегі жағдайды тәулік бойы бақылауда ұстап отыр. Мұнда мамандардан құралған топтардан ақпарат жиналып, зиянкестердің таралу динамикасы сараланып, қажетті шаралар уақытылы қабылдануда.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты сала басшылары мен аудан әкімдеріне шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстарын бір сәтке де бәсеңдетпеуді тапсырды. Ол аталған бағыттағы жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы маңызды екенін атап өтті.

– Шегіртке зиянкесіне қарсы күрес жұмыстары уақтылы әрі сапалы жүргізілуге тиіс. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Сондықтан жауапты тұлғалар жұмысты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді дереу жоюы қажет. Әрбір аудан өз аумағындағы жағдайға нақты жауап беруі керек. Мәселе менің жеке бақылауымда болады, – деді Нұралхан Көшеров.

Жиын барысында облыс әкімі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына пайдаланылатын препараттардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Қолданылатын дәрілік заттардың тиімділігі, олардың талапқа сәйкестігі және өңдеу жұмыстарының қауіпсіз жүргізілуі қатаң бақылауда болуы қажеттігін атап өтті.

Мәжілісте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Марат Орынбаев шегіртке зиянкестеріне қарсы биылғы фитосанитариялық іс-шаралардың барысы туралы баяндама жасады.

Оның мәліметінше, облыс аумағында зиянкестердің таралуын анықтау мақсатында ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Жалпы 1 миллион гектардан астам аумақта зерттеу жүргізу жоспарланған. Бүгінде оның 569,4 мың гектары немесе 62,8 пайызы зерттеліп, тиісті талдау жасалған.

Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 183,5 мың гектар аумақта зиянкестер саны экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Бұл аумақтарда шегірткенің таралу деңгейі жіті бақылауға алынып, өңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша нақты шаралар белгіленген.

Шегіртке дернәсілдерінің даму кезеңдері де тұрақты бақылауда. Мамандар зиянкестің таралу ерекшеліктерін анықтау үшін күнделікті зерттеу жұмыстарын жүргізіп, алынған мәліметтер негізінде өңдеу бағыттарын нақтылап отыр.

Мониторинг жұмыстарына 576 маман және 12 арнайы дрон тартылған. Заманауи технологияларды пайдалану арқылы шалғай орналасқан аумақтарды зерттеу, зиянкестердің шоғырланған жерлерін анықтау және өңдеу жұмыстарын тиімді жоспарлау мүмкіндігі артып отыр.

Химиялық өңдеу жұмыстары да белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Биыл облыс бойынша 421,6 мың гектар аумақта химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 171,5 мың гектары немесе 42 пайызы орындалған.

Өңдеу жұмыстары әртүрлі әдістер арқылы жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 157,8 мың гектар жер үсті бүріккіш техникаларымен өңделсе, 8 мың гектар аэрозольді генераторлар арқылы және 5,7 мың гектар әуе техникасының көмегімен өңделген.

Бұл жұмыстарға қажетті техника толық жұмылдырылған. Атап айтқанда, 293 жер үсті бүріккіші, 3 газогенератор, 72 су тасымалдаушы көлік және 4 ұшақ пайдаланылуда. Техникалардың дайындығы алдын ала тексеріліп, олардың үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілген.

Шегірткеге қарсы өңдеу барысында қоршаған ортаға және адам денсаулығына қауіпсіздік талаптары сақталып, арнайы рұқсат етілген препараттар қолданылуда. Атап айтқанда, «Тиаметрин с.к.» және «Гунсяо 10 к.э.» препараттары пайдаланылып жатыр.

Мамандардың талдау нәтижесінде кейбір аумақтар жоғары қауіпті аймақ ретінде белгіленген. Соның ішінде Сарыағаш ауданының 22-секторы және Келес ауданының бірқатар секторларында шегіртке таралу қаупі жоғары деңгейде бағаланған.

Ал Арыс қаласы және өзге де бірқатар аумақтар орташа және төмен қауіпті деңгейде анықталған. Дегенмен барлық аумақта бақылау жұмыстары жалғасып, жағдайдың өзгеруіне қарай қосымша шаралар қабылданатын болады.

Әсіресе шөп қалың өсетін жерлерде, жайылымдық аумақтарда және Өзбекстан Республикасымен шекаралас аймақтарда мониторинг жұмыстары күшейтілген. Себебі бұл аумақтарда зиянкестердің қайта таралу қаупі жоғары болуы мүмкін.

Сонымен қатар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев саяқ шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы облыстық бюджеттен 535 миллион теңге бөлініп, 150 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы өңделген. Ал биыл бұл мақсатқа 133 миллион теңге қарастырылып, 36 мың гектар аумақта өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Саяқ шегірткеге қарсы шаралар Арыс қаласы, Келес, Сарыағаш және Шардара аудандарында жүргізілмек. Бұл өңірлерде ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдық жерлер ерекше бақылауға алынған.

Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталып, мердігер компания анықталған. Мердігер тарапынан 36 арнайы техника дайындалып, олардың техникалық жағдайы тексерілген. Сонымен бірге облыс тарапынан қосымша 72 техника жұмылдырылып, жұмыстардың үздіксіз жүргізілуі қамтамасыз етілуде.

Жауапты мекемелердің мәліметінше, қазіргі таңда Түркістан облысындағы фитосанитариялық ахуал тұрақты деңгейде. Зиянкестердің таралу қаупі толық бақылауға алынған. Барлық жоспарланған іс-шаралар белгіленген мерзімде орындалып, ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Шегірткеге қарсы күрес – тек биылғы маусымның мәселесі емес, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін стратегиялық бағыттардың бірі. Сондықтан өңірде алдын алу шараларына, ғылыми негізделген мониторинг жүргізуге және заманауи технологияларды қолдануға басымдық берілуде.

Түркістан облысында қолға алынған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде зиянкестердің кең көлемде таралуына жол бермеу, егін алқаптарын сақтау және шаруалардың еңбегін қорғау мақсатындағы шаралар тиімді жүзеге асырылуда.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0