Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров талантты теннисші Заңғар Нұрланұлымен кездесті
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров талантты жас спортшы, қазақстандық теннистің болашағы саналатын Заңғар Нұрланұлын қабылдады. Кездесу барысында облыс басшысы жас теннисшінің халықаралық аренадағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, спортшыға алдағы жарыстарда сәттілік тіледі, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Заңғар Нұрланұлы – 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің үздік теннисшілері қатарынан көрініп жүрген дарынды спортшы. Ол қазіргі таңда осы жас санатында әлемнің 9-шы ракеткасы атанып, Қазақстан теннисі тарихында үлкен жетістікке қол жеткізді. Жас спортшы Аустралия және АҚШ ашық чемпионаттарының жасөспірімдер арасындағы жарыстарында жартылай финалға дейін жетіп, халықаралық турнирлерде жеңімпаз және жүлдегер атанды.
Кездесуде облыс әкімі жас спортшының табандылығы мен еңбегін ерекше атап өтті. Нұралхан Көшеров Заңғардың жетістіктері тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін үлкен мақтаныш екенін айтты.
– Аустралия, АҚШ және өзге де мемлекеттердегі ірі жарыстарда көрсетіп жүрген нәтижелеріңізге қуанып отырамыз. Сізді Түркістан жұртшылығы ғана емес, барша қазақ елі мақтан тұтады. Жас спортшыларға үлгі болып, еліміздің көк Туын халықаралық ареналарда абыроймен көтеріп жүрсіз. Біз талантты спортшыларды әрдайым қолдауға дайынбыз. Алдағы жарыстарыңызға сәттілік тілеймін. Үлкен дулыға турнирлерінде жеңіске жетіп, әлемдік теннистің аңыздары саналатын Надаль, Федерер секілді спортшылардың қатарына қосылуыңызға тілектеспіз, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының бүгінде тек рухани орталық қана емес, спорттық әлеуеті жоғары заманауи қалаға айналып келе жатқанын атап өтті.
– Түркістан – тарихы терең, қасиетті мекен. Дүниежүзінде екінші Түркістан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше қолдауымен облыс орталығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қалада жаңа инфрақұрылым қалыптасып, заманауи ғимараттар мен спорт нысандары бой көтерді. Осындай мүмкіндіктер арқылы болашақта сіздер секілді халықаралық деңгейдегі мықты спортшылардың қатары көбейеді деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесу барысында облыс әкімі жас спортшыға және оның әкесі әрі менеджері Нұрлан Момбековке құрмет көрсетіп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Заңғардың бүгінгі жетістіктерінің артында үлкен еңбек, тәртіп, кәсіби дайындық және отбасының қолдауы тұрғаны айтылды.
Өз кезегінде Заңғар Нұрланұлы облыс әкіміне алғысын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жас спортшы Аустралиядағы жарыстардың бірінде алған жарақатын емдеп, бір ай демалыстан кейін қайта жаттығуға кіріскенін айтты. Ендігі мақсаты – халықаралық жарыстарға қатысып, әлемдік рейтингтегі орнын жақсарту.
– Менің басты мақсатым – еліміздің атын әлемге танытып, Қазақстанның көк Туын биіктерде желбірету. Шетелде жүрген кезде халықтың, жанкүйерлердің қолдауын үнемі сезінемін. Бұл маған үлкен күш береді. Баршаңызға қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын, – деді жас теннисші.
Кездесу соңында Заңғар Нұрланұлы облыс әкіміне өзінің қолтаңбасы қойылған теннис ракеткасын сыйға тартты. Бұл тарту жас спортшының туған өлкеге деген құрметінің белгісі болды.
Теннисшінің әкесі әрі көмекші-менеджері Нұрлан Момбеков те баласының спорттық жолы мен алдағы мақсаттары туралы айтып берді.
– Заңғардың шеберлігін арттырып, кәсіби деңгейін көтеру мақсатында алты жылдан бері Еуропада тұрып, жаттығу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Баламыз «Түркістан теннис клубы» мемлекеттік мекемесіне тіркелген. Бүгінде әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып, еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Оның жетістіктері – көп жылғы еңбектің нәтижесі, – деді Нұрлан Момбеков.
Ол сондай-ақ Заңғардың әлемдік теннис жұлдызы, қазақстандық спортшы Елена Рыбакинамен достық қарым-қатынаста екенін, бір-біріне қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасып тұратынын жеткізді.
– Шетелде жүрсек те, туған өлкеміз Түркістанның жаңалықтарын бақылап, өңірдегі өзгерістерге қуанып отырамыз. Қасиетті қалаға арнайы келіп, рухани серпіліп, туған жердің ауасын сезінудің өзі біз үшін үлкен қуаныш. Көрсетіп жатқан қолдауларыңызға рақмет. Алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Ендігі міндет – ересектер арасындағы жарыстарға сәтті өту, Олимпиада ойындары мен басқа да ірі додаларда еліміздің намысын қорғау, – деді ол.
Заңғар Нұрланұлының спорттық жолы – жас ұрпаққа үлгі болатын еңбек пен табандылықтың көрінісі. Ол қысқа уақыт ішінде әлемдік рейтингте жоғары орындарға көтеріліп, Қазақстан теннисінің жаңа буынының көшбасшыларының біріне айналды.
Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы – жасөспірімдер арасында әлемдегі үздік ондыққа енген тұңғыш қазақстандық теннисші. Ол халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі бірнеше ірі турнирлердің жүлдегері. Оның жетістіктері отандық теннистің дамуына жаңа серпін беріп, еліміздегі жас спортшыларға үлкен мотивация болып отыр.
Түркістан облысында спортты дамыту, талантты жастарды қолдау және халықаралық деңгейдегі чемпиондарды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді. Осындай қолдау мен мүмкіндіктердің арқасында өңірден әлемдік ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтататын жаңа спорт жұлдыздары шығатыны сөзсіз.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0