Түркістан: «Жібек жолының жауһары» атты аймақтық ақындар айтысы өтті

Сәуір 9, 2026 - 18:34
app_badging Тамыз 5, 2026 - 19:36
chat_bubble  0 visibility  1
Түркістан: «Жібек жолының жауһары» атты аймақтық ақындар айтысы өтті

Түркістан облысы Сауран ауданында ұлттық руханияттың асыл мұрасы – ақындар айтысы өтті. «Жібек жолының жауһары» атты аймақтық ақындар айтысы қазақтың төл өнерін дәріптеу, суырыпсалма ақындардың шығармашылығын қолдау және Сауран ауданының тарихи-мәдени құндылықтарын кеңінен таныту мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Ауқымды рухани шара Түркістан облысы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының тікелей қолдауымен, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Айтыс Сауран ауданының құрылғанына 5 жыл толуына орай өткізіліп, өңірдің жетістіктерін, бай тарихын, қасиетті орындарын және елге танылған тұлғаларын насихаттауға бағытталды.

Қазақ халқының ғасырлардан жалғасып келе жатқан сөз сайысы – айтыс өнері ұлттық мәдениетіміздің маңызды бөлігі саналады. Сондықтан мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезім қалыптастырып, ана тілінің қадірін арттыруға, ақындық өнердің дамуына үлкен мүмкіндік береді.

Сауран жерінде өткен бұл өнер додасы да елдің рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Тарихы терең, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан көне Сауран өңірінде ұйымдастырылған айтыс ел тарихы мен мәдени мұрасының сабақтастығын айшықтады.

Айтыстың ашылу салтанатында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөз сөйлеп, шараның маңызына тоқталды. Ол айтыс өнерінің халықтың рухани байлығын, ұлттық болмысын танытатын ерекше мәдени құбылыс екенін атап өтті.

Әкім өз сөзінде осындай тағылымды шаралардың өңірдің мәдени әлеуетін арттырып қана қоймай, жас таланттарды қолдауға, ақындардың шығармашылық ізденісіне серпін беретінін жеткізді. Сонымен қатар Сауран ауданының тарихи орны мен бүгінгі жетістіктерін насихаттауда мұндай мәдени жобалардың маңызы зор екенін атап өтті.

Аймақтық айтысқа Қазақстанның әр өңірінен сөз өнерінің майталмандары қатысты. Өнер додасында елге танылған, республикалық деңгейдегі айтыстарда бақ сынап жүрген ақындар өзара сынға түсті.

Айтыс сахнасында:
Жансая Мусина (Батыс Қазақстан облысы),
Бибігүл Тлеуболдинова (Алматы облысы),
Нұрғали Әнапия (Шымкент қаласы),
Бексұлтан Орынбасар (Қызылорда облысы),
Нұрлыбек Мейірманов (Түркістан облысы),
Мейіржан Жақып (Шымкент қаласы),
Аян Ниязбек (Түркістан қаласы),
Ахметрасул Баянбай (Түркістан қаласы),
Исламхан Мұхамедхан (Шымкент қаласы),
Еркебұлан Қайназаров (Сауран ауданы),
Шахмардан Бекарысұлы (Түркістан қаласы),
Нұрдәулет Өмірбек (Түркістан қаласы)
сынды ақындар өнер көрсетті.

Қатысушылар айтыс барысында ел бірлігі, туған жердің қадірі, тарихи тұлғалар, ұлттық құндылықтар, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер және Сауран өңірінің ерекшеліктері туралы жыр толғады.

Әр ақын өзіне тән орындаушылық шеберлігімен, тапқырлығымен және ой ұшқырлығымен көрермен ықыласына бөленді. Сахнадағы сөз қағыстары мен астарлы әзіл, терең мағыналы толғаулар көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Айтыстың әділ бағасын беру үшін құрамына елімізге белгілі өнер және мәдениет саласының өкілдері енген жоғары деңгейлі қазылар алқасы жасақталды.

Қазылар алқасына ақын, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Қазығұрт» жыр жинағының авторы Бекмұрат Анарбаев төрағалық етті.

Сонымен қатар алқа құрамында айтыскер ақын, халықаралық және республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Берібай Оразымбет, ақын, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Ләззат Сарыбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Леубаева, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Қарима Орал және айтыс өнерінің сарапшысы Мұқағали Кенжетайұлы болды.

Қазылар алқасы ақындардың сөз саптауын, тақырыпты ашу шеберлігін, суырыпсалмалық қабілетін, ұлттық құндылықтарды насихаттау деңгейін және сахна мәдениетін саралап, әділ бағасын берді.

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлде Түркістан қаласының ақыны Аян Ниязбекке бұйырды. Ол айтыс барысында мазмұнды ойымен, ұтымды ұйқасымен және шебер орындауымен ерекшеленіп, жоғары бағалауға ие болды.

Бірінші орын жүлдесін Батыс Қазақстан облысының ақыны Жансая Мусина иеленді. Екінші орын Сауран ауданының өкілі Еркебұлан Қайназаровқа табысталды.

Үшінші орынға Қызылорда облысының ақыны Бексұлтан Орынбасар, Түркістан қаласының ақыны Ахметрасул Баянбай және Түркістан облысының ақыны Нұрлыбек Мейірманов лайық деп танылды.

Сонымен қатар айтыс барысында өнер көрсеткен ақындарға арнайы жүлделер де табысталды.

«Жарқынбек Наушабеков» атындағы арнайы жүлде Нұрғали Әнапияға, «Таушен Абуова» атындағы арнайы жүлде Исламхан Мұхамедханға, «Әселхан Қалыбекова» атындағы арнайы жүлде Бибігүл Тлеуболдиноваға және «Қаныбек Сарыбаев» атындағы арнайы жүлде Мейіржан Жақыпқа берілді.

Сауран ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне Шахмардан Бекарысұлы ие болды. Ал Түркістан облысы Мәдениет басқармасының арнайы жүлдесі Нұрдәулет Өмірбекке табысталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар және ақшалай марапаттар табысталып, олардың өнеріне құрмет көрсетілді.

«Жібек жолының жауһары» атты аймақтық ақындар айтысы – тек өнер сайысы ғана емес, ұлттық руханиятты жаңғыртатын, ел тарихын ұлықтайтын, мәдени байланысты нығайтатын маңызды шара болды.

Сауран жерінде өткен бұл рухани басқосу қазақтың айтыс өнерінің әлі де биік деңгейде дамып келе жатқанын көрсетті. Ақындар туған жерге деген сүйіспеншілігін, елге деген құрметін жыр арқылы жеткізіп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.

Осындай тағылымды мәдени жобалар алдағы уақытта да жалғасып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, жас ақындардың шығармашылық жолына жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз.

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0