Түркістанда 38 жастағы келіншек бес ұлдан кейін үшем босанды

Қазан 13, 2025 - 12:16
Қазан 13, 2025 - 12:40
Түркістанда 38 жастағы келіншек бес ұлдан кейін үшем босанды
Фото: Сауран аудандық емханасы

Түркістан облысы Сауран ауданындағы Исрайловтар отбасында үшем дүниеге келді. 38 жастағы Махру Каримова бес ұлынан кейін үшем босанды, деп хабарлайды sadaq.kz.

Исрайловтар отбасының отанасы екі қыз, бір ұл босанды. Бірнеше күн дәрігердің бақылауында болған сәбилер мен анасы үйге шығарылды.

“Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 35 аптасында жоспарлы кесір тілігі арқылы дүниеге келген. Олардың бірінің салмағы 1940 грамм болса, екіншісі – 2100 гр, үшіншісі 2000 гр салмаққа жеткен. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы үшемдерге Сафия, Амир және Хадия деген есім қойды”, – деп сүйіншіледі Сауран аудандық емханасы.

Дәрігерлер нәрестелерді тексеріп, емдеп, күтім жасады. Қазір ана мен сәбилердің денсаулығы жақсы. Олар емхананың медициналық қызметкерлерінің тұрақты бақылауында.

Желі қолданушылары жылы лебіздерін арнап, ақ тілегін жаудырды.

“Сәбилердің бауы берік болсын”, “Аман-есен ширап кетсін”, “Нәрестелер аман-есен өсе берсін”, “Бауы берік болсын! Жұғысты болсын”, “Аман болыңдар”, – деп жазды желідегілер.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow