Түркістанның автопаркі жаңарып, жүргізушілерге 35 жаңа автобус кілті тапсырылды

Сәуір 2, 2026 - 18:11
app_badging Тамыз 5, 2026 - 19:11
chat_bubble  0 visibility  1
Түркістанның автопаркі жаңарып, жүргізушілерге 35 жаңа автобус кілті тапсырылды
Фото: Түркістан облыстық әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды іс-шараға қатысып, жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға 35 жаңа заманауи автобустың кілтін салтанатты түрде табыстады. Бұл бастама өңірдегі қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз тасымалдау қызметін ұсынуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы болып табылады,  деп хабарлайды Sadaq.kz.

Нақтырақ айтқанда, жаңа автобустардың 12-сі «Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, ал 23-і «ТехПрофАвто» компаниясына берілді. Жаңа техникалардың пайдалануға берілуі қоғамдық көлік паркін жаңартып қана қоймай, қала тұрғындары мен қонақтарына көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі көлік саласының ардагерлері мен жүргізушілерді, диспетчерлерді және қоғамдық көлік қызметінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарды адал еңбегі, жоғары жауапкершілігі және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Бұл марапаттар көлік саласы қызметкерлерінің еңбегіне көрсетілген құрметтің және олардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің жоғары бағалануының айқын көрінісі болды.

Өз сөзінде Нұралхан Көшеров қоғамдық көлік – қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін ең маңызды инфрақұрылымдардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың күнделікті жайлы қатынауын қамтамасыз ету, қауіпсіз әрі сапалы тасымалдау қызметін ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі болып қала береді.

– Бүгін біз қасиетті Түркістан төрінде қаламыздың көліктік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды шараның куәсі болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен Түркістанға ерекше мәртебе беріліп, шаһарымыз қарқынды дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, туризм саласы тұрақты дамып келеді. Соның нәтижесінде Түркістанға келетін туристер саны жыл сайын көбейіп отыр. Өткен жылы шаһарға 1 миллион 200 мыңнан астам турист пен қонақ келсе, биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде 450 мыңнан астам адам зиярат жасап, саяхаттады. Бұл көрсеткіштер қоғамдық көлік жүйесіне түсетін жүктеменің де артып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан ерекше мәртебеге сай қаладағы қоғамдық көлік қызметі де заман талабына толық жауап беруі тиіс.

Осыған орай, жергілікті әкімдік пен тасымалдаушы компаниялардың бірлескен жұмысының нәтижесінде көптен күткен 35 жаңа заманауи автобус пайдалануға беріліп отыр. Бұл жұмыстар мұнымен шектелмейді. Жыл соңына дейін қалалық автопарк тағы да жаңа автобустармен толықтырылады. Қоғамдық көлік – қала тынысының күретамыры. Күн сайын таңнан кешке дейін мыңдаған тұрғынды діттеген жеріне қауіпсіз жеткізіп жүрген жүргізушілер мен сала мамандарының еңбегі зор. Алдағы уақытта жолаушылар санының артуына байланысты автопаркті жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады. Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз және жауапкершіліктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа автобустар халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етіп, тұрғындардың алғысына бөлене берсін. Әрқашан жолдарыңыз ашық, сапарларыңыз сәтті болсын! – деді облыс әкімі.

Жаңадан пайдалануға берілген автобустар халықаралық талаптарға сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Атап айтқанда, көліктерде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін бейнебақылау камералары, тиімді желдету жүйесі, электронды билет төлеу құрылғылары орнатылған. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамдық көлікті еш кедергісіз пайдалануына мүмкіндік беретін арнайы пандустар қарастырылған. Бұл тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, қоғамдық көліктің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Бүгінде Түркістан қаласында тұрғындарға 21 бағыт бойынша қатынайтын 204 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Қоғамдық көлік саласында 300-ге жуық маман еңбек етіп, тұрғындардың қауіпсіз әрі уақытылы қатынауына үлес қосып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада қоғамдық көлік арқылы 27,6 миллионнан астам жолаушы тасымалданған. Бұл көрсеткіш қоғамдық көлікке деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын аңғартады.

Қазіргі таңда Түркістан қаласында жолаушылар тасымалын «Жолаушы» және «ТехПрофАвто» компаниялары жүзеге асырып келеді. Автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту, жаңа бағыттарды іске қосу және заманауи технологияларды енгізу арқылы өңірде қоғамдық көлік қызметінің сапасын одан әрі жақсарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл бастамалар Түркістанның заманауи әрі жайлы туристік және рухани орталық ретінде дамуына, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға өз үлесін қоса береді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0