Ветеринарлар ауылдың малын емдеудің орнына киіктердің өлексесін жинап жүр – депутат

Мамыр 27, 2025 - 11:35
Ветеринарлар ауылдың малын емдеудің орнына киіктердің өлексесін жинап жүр – депутат

Мәжілістің аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында киік популяциясына қатысты мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Мұқадес» шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Сағитовтың айтуынша, былтыр киік саны 2,3 миллионға жеткен. БҚО-да 7 ауданда киік популяциясы қарқынды дамып жатыр.

«Қазір шаруалар киікті қайда айдарын білмей отыр. Киіктер барлық шеңберден шығып кеткен. Елді мекендер зардап шегіп жатыр. Ауыл тұрғындарының басқа табыс көзі жоқ. Тек мал шаруашылығымен күн көріп отыр. Батыс Қазақстанда республика бойынша ірі қара малдың 40 пайызы шоғырланған. Егер төтенше жағдай жарияланса, 7 ауданға шамамен 12 млрд теңге қажет болады. Киіктің тым көп болғаны соншалық, табиғи реттелуге байланысты өліп жатыр. Қазір киіктер ауыл малына араласып жайылып жүр. Киік өлекселерін ауыл малдарына арналған мал қорымдарына көмуге мәжбүр болып жатырмыз. Ветеринар мамандар ауылдың малын емдеудің орнына киік өлекселерін жинаумен, оларға акт жасаумен айналысып жүр», — деді Ақылбек Сағитов.

Оның айтуынша, қазір киіктер ауланып жатыр. Алайда олардың еті комбинатқа жеткенше 4-5 сағат уақыт кетеді.

« Еттің бүлінуіне жол бермеу үшін көшпелі ет комбинатын арнайы тоңазытқышпен жабдықтау қажет деп санаймыз», - деді депутат.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow