Ұзынағашта ерлер дәретханасынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды

Тамыз 28, 2026 - 16:52
chat_bubble  0 visibility  11
Ұзынағашта ерлер дәретханасынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды
Фото: Ашық дереккөз

Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 21 жастағы Диана Сансызбайдың денесі табылды. Қыздың туыстары оның өзіне қол жұмсағанына сенбей отыр, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Анасының сөзінше, Диана Сансызбай қайтыс болардан бірнеше күн бұрын анасына ерекше көңіл бөліп, сыйлықтар жасап, оны сұлулық салонына апарған. Сонымен қатар концертке билет сатып алған.

Марқұмның туыстарының айтуынша, Диана жұмыстан кейін ағасының үйіне бармақ болған. Алайда түнде онымен байланыс үзілген.

Жақындары бойжеткеннің денесінен бірнеше көгерген ізді байқағанын айтады. Бұдан бөлек, олардың сөзінше, Диананың сөмкесіндегі 100 мың теңге мен мойнындағы алтын шынжыры жоғалған. Кейін марқұмның жеке заттарын туыстары жырадан тауып, тергеушілерге тапсырған.

“Үстінде киімі де жоқ. Тек қана іш киіммен жатыр. Шашының бәрі алба-жұлба, арасы шөп-шалаң. Мойнын бұрайын десе бұрылмайды. Бір жағына қисайып қалған. Мына жауырыны мен арқасында көкпеңбек із тұрды. Дөңгелек пішіні. Екі қолын былай қысып алған. Сақинасы тұр, бірақ мойнындағы алқасы жоқ. Бір қолы көгеріп кеткен. Белінен төмен қарай көкпеңбек. Не болғанын білмеймін”, – деді марқұмның анасы Қаракөз Қалжанова.

Отбасы мүшелері оқиғаға қатысты болуы мүмкін куәгердің сөзін де алға тартып отыр. Олардың мәліметінше, әйел дәретхананың маңында екі көлік пен төрт жас жігітті көрген.

Полиция бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғаған. Іс «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеліп жатыр.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 1
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 1
Қайғылы Қайғылы 1
Жарайсың Жарайсың 0