«Жау шебіне бірінші болып кірген»: Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі туралы құпия құжат жарияланды

Мамыр 6, 2025 - 10:18
Мамыр 6, 2025 - 11:09
«Жау шебіне бірінші болып кірген»: Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі туралы құпия құжат жарияланды

Ресейдің Қорғаныс министрлігі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі — гвардия сержанты Кемел Тоқаевқа қатысты марапаттау парағын құпиясыздандырып, көпшілікке жариялады, деп хабарлады Қазақпарат. 

Кемел Тоқаев 1945 жылы қаңтарда Польшада көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған.

7-ші жеке гвардиялық Ломжинск ауыр танк шабуыл полкінің командирі, гвардия подполковнигі Афанасий Поваров қол қойған құжатта былай делінген:

«1945 жылы 21 қаңтарда Еглиёвец елді мекенінің солтүстік-батыс аумағында (Польшадағы Мазовецк воеводалығына қарасты) немістер түнде біздің позицияларға қарсы шабуыл жасады. Автоматшылар өз танктерін тайсалмай қорғап, кейін қарсы шабуылға шығып, немістерді шегіндірді. Жолдас Тоқаев жау шебіне бірінші болып басып кіріп, автоматымен 5 немісті атып өлтірді және бір жаралы немісті тұтқынға алды. Тұтқынды өз бөлімшесіне әкеле жатқанда, Тоқаевтың аяғына жарылғыш оқ тиіп, жараланды (бастапқы машинкамен терілген «…және аяғынан айырылды» деген сөйлем сызылып тасталған). Тоқаев жаралы немісті атып өлтіріп, жарасын таңып, өз танктеріне жетті».

Бұл күні неміс мергені жарылғыш оқпен Кемел Тоқаевтың балтырын жаралаған. Жауынгер Оралдың ар жағына эвакуацияланып, дәрігерлер оның аяғын кесуді ұйғарған. Алайда сол кездегі жас дәрігер — кейін әлемге әйгілі хирург атанған Гавриил Илизаров оны аман алып қалды. Осы сәтте Илизаров Кемел Тоқаевқа сүйек деформацияларын емдеуге арналған болашақ өнертабысының — бірегей құрылғысының алғашқы нобайларын қолданған.

Айта кетейік, Жеңістің 80 жылдығына орай Президент Телерадиокешені ерекше жобаны іске қосты. Kazinform агенттігінің фотомұрағатындағы Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары кезінде түсірілген сирек суреттер жаңа технология көмегімен түрлі түске боялып, қимылдайды. Жоба еліміздің теміржол вокзалдары мен әуежайларындағы LED экрандардан көрсетіліп жүр.

Ал 5 мамырда Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалында «ҚТЖ» ҰК» АҚ қолдауымен «ЖЕҢІСТІҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ. KAZINFORM ФОТОШЕЖІРЕСІ» атты фотокөрме ашылды.

 https://kaz.inform.kz/news/zholdas-tokaev-zhau-shebne-brnsh-bolip-basip-krd-resey-korganis-ministrlg-bregey-kuzhatti-zhariyaladi-04e762/

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow