Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихын жазу: ғалымдар не дейді?
Ортақ тарих жазу туралы бастама интеллигенция тарапынан сынға ұшырап жатыр. Ғалымдар қарсылықтарын білдіріп, өз пайымдарын білдіруде. Осы орайда тарихшы, Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара қазақтың ұлттық тарихын бұрмалаған елмен тізе қосып, ортақ тарих жазу қисынсыз екенін айтады, - деп жазады Sadaq.kz ақпарат порталы.
«Елін, жерін отарлап сүліктей сорған, халқының жартысын жасанды аштықпен қынадай қырған, тілін, мәдениетін жоюға тырысқан, дінінен бездіріп халықты атеист етуге бүкіл күшін жұмсаған, ұлт көсемдері мен зиялыларын өлтірген, экологиясын бүлдірген және оның ұлттық тарихын бұрмалаған елмен тізе қосып ортақ тарих жазуға бола ма? Бұл мүмкін бе? Менен сұрасаңыз, әрине, мүмкін дер едім», - дейді ол.
Алайда ғалым ол үшін бұл ел ең алдымен қазақ халқынан кешірім сұрауы керек деген пікірде.
«Ол үшін бұл ел ең алдымен қазақ халқына 250 жыл бойы жасаған қылмыстарын мойындап, кешірім сұрап, өлтірген адамдардың туыстарына, елге келтірген зиян-зақымдары үшін қазақ мемлекетіне айыппұл төлеуі керек. Сөйтіп ол бұрынғыдай бұрмаланған яғни, өзі ұлы халық, «қазақ бұрын-соңды мемлекет құрмаған жабайы халық» деп көрсететін тарихты емес, әділ тарихты жазуда шынайы екенін дәлелдеуі керек. Сонда ғана біз отаршыл елдің өзінің бұрынғы арам пиғылдарынан бас тартып, қазақ халқының тәуелсіздігі мен ұлттық құндылықтарын құрметтейтіндігі туралы қорытындыға келеміз де онымен ортақ тарих жазуға болады екен деп ойлай бастаймыз. Әйтпесе, ол елдің мұндай ұсыныс айтуының өзі қисынсыз және күлкілі», деп түйіндеді ғалым.
Ал, жазушы, ғалым Тұрсынхан Зәкенұлы да ортақ тарих жазу идеясына қатысты ғалымдарға сауал тастаған.
«Ресеймен ортақ тарих жазу деген әңгіме қайдан шыққан? Ресми билік элитасы «Қазақстан мемлекет болмаған, оның жерін біз сыйға тартқанбыз» дейтін, өзінің империялық өткенін мойындамайтын елмен қандай ортақ тарих жазуға болады? Бұл туралы біздің Ш.Уәлиханов атындағы тарих институты, Мемлекет тарихы институты, Қазақстан тарихшылар қауымдастығы не ойлайды екен? Бұлай болғанда ертең Балқаш көлінің шығысы мен оңтүстігі тұтастай Қытайдың жері болған деп ауыз жаппай айтып келе жатқан қытайлармен де «ортақ тарихымызды» жазатын шығармыз!?», - деп күйінген.
Қаламгердің ойынша, бұл идеяның ортаға шығуы жалпы отандық тарихнаманың әлі пісіп-жетілмеген балаң күйде екенін, басқа мақсаттарға оп-оңай пайдаланылып кететінін көрсетеді.
«Бір нәрсе айқын - әр елдің ұлттық тарихнамалық принциптері жалпы әлемдік тарихнамалық теорияға және оның қағидаларына негізделеді. Кез келген ел сол арқылы өзінің ұлттық-мемлекеттік тарихын және соған қатысты ұстанымдарын айқындайды. Мұндай ұлттық тарихнамалық ұстанымы жоқ мемлекет мемлеке болып тұра алмайды. Ал, өзінің империялық амбициясын әлі де басшылыққа алып келе жатқан авторитарлық елдер бұл принциптерге пысқырмайды. Олардың өз қолайына жағатын «уәждері», «ұстанымдары» бар. Егер «бірлескен» жағдайда бұл ұстанымдар мен уәждер бізді түптің түбінде өз ұстанымдарымызды өзгертуге мәжбүрлейді. Ондайда Конституцияда жазылған егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің негізі болған тарихи алғышарттардан бас тартуға тура келді. Сондықтан бұл тізгінді елге беріп қоюға болмайды.
Оны қойып, гуманитарлық салада көрші елдермен жасасқан қандайда бір «біріккен ғылыми жоба» дегендерге де өте сақ болған дұрыс», - дейді ол.
Бұған дейін Қазақстан мен Ресей тарихшыларынан құралған ортақ топ құрылады деген хабар тараған еді. Нақты айтар болсақ, Астанаға қарашаның басында келген Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан мен Ресей "қоғамның кей бөлігінде шығып жатқан дауды басу үшін" тарихты бірге зерттейтін ғалымдар тобын құру туралы келісімге келгенін мәлімдеген еді.
"Ресей мен Қазақстанда ортақ өткен тарих пен қазіргі тарихқа байланысты тақырыптар көтеріліп жатады. Тарихшылардың ортақ тобын құру туралы оң келісімге қол жеткізілгенін айтқым келеді", – деді Лавров.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында бұл жаңалықты растаған еді. Айтуынша, Ресей және Қазақстан тарихшылар тобы жұмыс істеп жатыр. Бірақ ол таза ғылыми топ.
"Мақсаты – біліммен айналысу, археологиялық қазбамен, экспедициялық жұмыстармен айналысу. Қазір Алтай төңірегінде бірлескен үлкен жоба басталған. “Ұлы Алтай” деген көне түркі тайпаларға, қағандықтарға қатысты бірлескен зерттеулер бар. Ресей тарапынан да көршілес Батыс Сібірде, Алтайда жаңа экспедициялардан археологиялық жақсы жаңалықтар шығып жатыр. Сондықтан, солардың алмасу тақырыбы бар. Бұл таза ғылыми байланыс. Ғылыммен, жаңа ізденіспен айналысу мақсатында құрылған", - деп атап өткен.
Сіздің реакцияңыз қандай?