Қазақстанның "қара тізімі" және Мәскеудің "қас-қабағы"

Қазан 10, 2023 - 19:55
Қазан 20, 2023 - 09:53
Қазақстанның "қара тізімі" және Мәскеудің "қас-қабағы"
Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы бекет. Батыс Қазақстан облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Сыртқы істер министрлігі жақында ел жайлы агрессив риторика мен жағымсыз мәлімдеме айтқаны үшін Қазақстанға кіруге тыйым салынған тұлғалардың тізімі барын растады. Үкімет тізімде кімдер барын айтпайды. Неліктен?

ҚАРА ТІЗІМГЕ КІМДЕР КІРУІ МҮМКІН?

"Қазақстандағы бүкіл ғалымды Ресей империясы тәрбиеледі. Империя 40 қала мен мыңдаған мектеп салып берді". Ресейлік эндокринолог дәрігер, блогер Илья Магеряның әлеуметтік желідегі осы мәлімдемесі дауға ұласты. Оқырманның "империалиссіз", "Қазақстанға қажетіңіз жоқ" деген уәжіне блогер "ахуалды ушықтыратын сіз сияқтылардың кесірінен біз соғысқа барамыз" деп жауап қатты.

Ресей саясаткерлері, журналистері мен блогерлерінің Қазақстанды соғыспен қорқытып, доқ көрсетуі таңсық болудан қалған. Кейінгі жылдары ресейлік танымал тұлғалардың елдің аумақтық тұтастығы мен мемлекеттігіне қол сұққан мәлімдемелері жиіледі. Сыртқы істер министрілігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, мұндай мәлімдемелер назардан тыс қалмайды, ел туралы жағымсыз пікір айтқан шетел азаматтарының тізімі жасалып жатыр. Дегенмен Қазақстан жұртын соғыспен қорқытқан Магеряның бұл тізімге енгізілетіні-енгізілмейтіні белгісіз. Себебі министрліктің ішкі тізіміне кімдер кіргені және олардың саны жарияланбайды.

Бұған дейін Қазақстанға қарата қоқан-лоқы сипатында мәлімдеме жасаған Ресейдің бірді-екілі танымал тұлғасы елдегі үлкен резонанстан соң, Қазақстанға кіруге тыйым салынғандардың тізіміне қосылғаны хабарланған. Олардың бірі − "Украинаның күні Қазақстанға да тууы мүмкін" деп зілденіп сөйлеген Ресей пропагандисі Тегран Кеосаян.

Ресейлік пропагандистер Тигран Кеосаян (оң жақта) және оның әйелі, Ресейдің RT мемлекеттік телерадиокомпаниясы бас редакторы Маргарита Симонян.

Былтыр Қазақстан Жеңіс күніне парад өткізуден бас тартқанда, Кеосаян Youtube желісіндегі бағдарламалардың бірінде жауапты тұлғаларды "Қазақстанмен қарым-қатынасты қайта қарауға" шақырған. Кейін сыртқы істер министрлігі Кеосаянды Қазақстанға келуге тыйым салынғандар тізіміне қосқанын хабарлады.

Қазақстан Ресей мемлекеттік думасының депутаты Константин Затулинді шекарадан өткізбей, кері қайтарса, бұл Ресей саясаткерін елге кіргізбеудің алғашқы оқиғасы болар еді. Қазақстанның аумақтық тұтастығына қол сұғатын мәлімдеме жасаған Константин Затулин биыл мамырда елге келгенде төлқұжат бақылауынан өте алмай қалып, тек Ресей сыртқы істер министрлігі араласқан соң ғана шекарадан өткен.

Ресей мемлекеттік думасының депутаты, Мәскеудегі ТМД елдері институтының директоры Константин Затулин.

Затулин былтыр маусымда "Олар (Қазақстан) орыстар көп тұратын бірқатар аймақ пен елдімекендердің Қазақстан деп аталатын елге қатысы аз екенін жақсы біледі" деген. Оның бұл сөзіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Санкт-Петербург экономикалық форумында Украинаның шығысындағы өзін өзі жариялап алған "ДХР" мен "ЛХР" құрылымдарын мойындамайтыны жайлы мәлімдемесі ілік болды. Ал былтыр қыркүйекте Затулин Қазақстан "тайғанақ жолға түсті, мұнысы Ресей тарапынан реакциясыз қалмайды" деп мәлімдеген.

Затулин басқаратын ТМД елдері институты өз сайтында Қазақстан жайлы даулы мәлімдемелер жасап, "талдау жасайтын" сарапшылар пікірін жиі беріп тұрады. Институт былтыр жазда Ресейдің "таяу шетелде" тұратын "отандастары", оның ішінде Қазақстанда тұратын орыстар мен орыс тілінде сөйлейтін азаматтар арасында сауалнама дайындап, "Қазақстанның орыс тілінде сөйлейтін тұрғындары кемсіту көріп жатқан жоқ па?" деген сипатта сұрақтар қойған.

Затулиннің елге Ресей сыртқы істер министрлігінің көмегімен кіргеніне Қазақстан сыртқы істер министрлігі түсініктеме бермеді. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров "бұл мәселе министрлік құзырына жатпайды" деп мәлімдеген.

ТІЗІМДЕГІ ЕРІКТІ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ЫҚПАЛЫ

Сыртқы істер министрлігі қара тізімдегі тұлғалардың тізімін жария етпейді. Бірақ елге кіруге тыйым салынған кемі бір шетелдіктің оқиғасы белгілі. Бұл адам елдің аумақтық тұтастығы жайлы даулы мәлімдеме жасамаған, егемендікке қол сұғатындай сөз айтпаған. Ұлты орыс америкалық зерттеуші Евгений Бунин 2021 жылы қыркүйекте Қазақстанға кіре алмады. Бішкекте бір ай болған ерікті Алматыға қайтып келгенде кеден қызметі оны шекарадан өткізбей, Қырғызстанға депортациялады, Қазақстанға кіруге бес жылға тыйым салды.

Бунин − Шыңжаңда қуғын-сүргін көрген аз ұлттар өкілдерінің деректерін мәліметтер базасына жинақтап жүрген зерттеуші. Өз айтуынша, 2018 жылы Қытай билігі оны елден кетуге мәжбүрлеген. Содан кейін ол Қазақстанға келіп, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін мәселесін көтерген "Атажұрт" еріктілері қоғамдық ұйымы қатарында жұмыс істеп, Шыңжаңда жәбір көрген қандастардың сөзін ағылшын тіліне аударумен айналысты.

2019 жылы сәуірде Бунин Қытай лагерлерінде отырып шығып, денсаулығынан айырылғандарға ем алуға қажет қаржыны краудфандинг жолымен жинау туралы бастама көтерді. Бунин мен құқық қорғаушылар Қытай лагерінен зардап шеккендердің еміне және медициналық жабдыққа ақша жинап берген.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті 2019 жылы Бунинді елге кіргізбеу туралы мәлімет жария етуге жатпайтын ақпарат екеніне сілтеп, себебін түсіндірмеді. Зерттеуші Азаттыққа берген сұхбатында мұны өзінің ерікті ретіндегі қызметімен байланыстырды.

"Менің іс-әрекетім Қытайға ұнамайды. Қазақстан өз аумағында бұл тақырыпты (Шыңжаңдағы аз ұлттарды қудалауды – ред.) белсенді көтеретін адамдардың жүргенін қаламайды. Бәлкім, [елге кіргізбеуді] Қытай сұрады немесе ҰҚК бұл проблемадан өзі құтылғысы келді" дейді Бунин.

Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы вз ұлттарға қысымы туралы деректер базасын түзумен айналысып жүрген америкалық зерттеуші Евгений Бунин.
Бунин қазір қауіпсіздік мақсатында тұрғылықты жерін бір-екі ай сайын ауыстырып тұрады, бірақ үнемі Қытаймен шекаралас аумақта қалуға тырысады.

Қазақстанға кіргенде шекарадан емін-еркін өтіп, көп ұзамай елден депортацияланған немесе миграция ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған шетел журналистері мен құқық қорғаушылар баршылық.

2018 жылы қыркүйекте Оралға "Уральская неделя" газеті ұйымдастырған "Журналистика мектебі" шарасына қатысуға келген украиналық журналист Александр Гороховскийді Орал қаласының әкімшілік соты миграция заңын бұзғаны үшін айыпты деп танып, 42 мың теңге айыппұл салды.

Фактчекпен айналысатын Гороховский сотқа "Уральская неделя" басылымының шақыртуымен тәжірибе алмасуға келгенін, шара кездесу форматында өтіп, қаржылай марапат көзделмегенін айтты. Дегенмен әкімшілік сот оны шетелдіктердің еңбек әрекеті туралы заңды бұзды деп таныды. "Уральская неделя" басылымының сол кездегі редакторы Лұқпан Ахмедияров мұны басылымға жасалған қысым деп бағалаған.

2019 жылы ақпанда Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясы атынан Қазақстанға мониторинг жасауға келген құқық қорғаушылар, Украина азаматтары Людмила Волошина мен Валерий Явтушенконы Қазақстан Киевке депортациялаған. Ресми себеп − Қазақстанға жеке сапармен келген Волошина мен Явтушенконың "сапарға қатысы жоқ іспен айналысқаны анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс сотқа жіберілді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow