Құпия құжаттар қолжетімді бола түсті – Дихан Қамзабекұлы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы

Желтоқсан 26, 2023 - 19:21
Құпия құжаттар қолжетімді бола түсті – Дихан Қамзабекұлы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы
Сурет ашық дереккөзден алынды

Бүгін саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төрағалығымен өткен жиынға тарихшы ғалымдар мен зерттеушілер қатысты, деп жазады sadaqmedia.

Ерлан Қарин архив материалдарын кедергісіз пайдалану үшін ондағы құжаттардың құпиялығын жоюмен айналысатын арнаулы ведомствоаралық комиссия құрылғанын айтты. Осының арқасында ол 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия деген белгі алынып тасталғанын ескертті.

«Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам (311 349) адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Бұл механизм өзінің тиімділігін көрсетті, оны болашақта да пайдалануға болады.Саяси қуғын-сүргін құрбандарын іс жүзінде ақтау үшін  осы табылған құжаттардың негізінде нақты шаралар қолға алынуға тиіс. Осылайша, Мемлекеттік комиссия өзінің басты міндетін табысты орындады. Бұл жұмысты ары қарай XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырады», – деді ол.

Алаштанушы, ғалым Дихан Қамзабекұлы құжаттарды құпиясыздандыру өте маңызды болғанын айтады. Себебі, ол аталған қадам арқылы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіндегі біраз құпия құжаттар қолжетімді болғанын ескертті.  

«Бүгінгі жиынның мәні ерекше болғанын атап өткенн жөн. Себебі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөіндегі комиссияның үш жылғы жұмысы қорытындыланды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мырза бәрін жүйелеп айтып, түсіндіріп берді. Бұл бастаманың ерекшелігі неде және осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды деген сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Жалпы осы комиссияның арқасында 400-ден астам ғалым қатысқан ауқымды іс атқарылды. Сондай-ақ ел ішіндегі және шет елдегі 60-қа жуық архивтерде болып, жұмыс жүргізілді. Оның ішінде екі миллионнан астам құжат қаралып, 7 мыңға таяу құжат президент архивіне тапсырылды.

Бұл комиссия елдіктің деңгейін арттырып әділеттік пен заңдық қағидаттардың орнағанын көрсетеді. Елдің бұған дейінгі сұранысы жүзеге асты. Мен осы комиссияның әдіснама бөлімінде жұмыс атқардым. Осы уақытқа дейін орталықтағы және жергілікті жердегі ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосқан 20-ға жуық жиын өтті. Құжатты пайдалану мен жүйелеудің жай-жапсары сараланды. Бұл жерде ғалымдардың азаматтық жауапкершілігі мен кәсібіи адалдығы көрінді. Қазақтың «Жоқ табылмайды емес, қарауы жетіспейді» деген әдемі сөзі бар. Сол айтпақшы қарауына мүмкіндік тудырған комиссия болды», – деді ғалым.

Дихан Қамзабекұлы комиссия жұмысы туралы айтқан кезде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын еске алды. Себебі, ол қазақтың арғы-бергі тарихын хатқа түсіруді Алаш арыстары қолға алғанына назар аудартты.

«Қазақтың жоғын іздеу сонау 1920 жылы басталды. Бүгінгі тілмен айтсақ ол кезде Ахмет Байтұрсынұлы Оқу ағарту министрі міндетін атқарып тұрған. Сол кезде академиялық орталық, түрлі мәдени қауымдар құрылып, соның арқасында елдің ішіндегі мұралар жинақталған болатын. Ақаңның сонда айтқан «Мұра жинау ақша және адам күшімен болады. Бірақ тым ақшаға қызығып кетпеу керек. Бәрін бірдей ала бермей, парасатты адамның көзқарасымен іріктеп алу керек» деген тамаша сөзі бар. Негізі қазақтың мұраларын жинау 1917-1918 жыллдандан басталған. Кейін Совет үкіметі құрылғаннан кейін қазақтың тарихи мұраларын зерттеу жаңаша сипат алған еді.

Ал саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының жанынан жобалық офис құрылып, оны белгілі заңгер Сабыр Қасымов деген азамат басқарды. Әр өңірде құрылған бөлімдер тиянақты жұмыс істеп, комиссияның беделін артыра түсті. Осы уақытқа дейін 70 томға таяу кітап жарық көрді. Халық барлық дерек кітапта тұр деп қабылдамай, ондағы деректерді бойына сіңіруі керек. Әр түрлі қиын кезеңдер бар. Мысалы өзге ұлт өкілдерінің депортациялануына объективті және су ъбективті қиындықтар болған. Айталық деректердің ішінде бірін бірі қаралаған дүниелер бар. Бірақ олар өзара бірін-бірі айыптады екен деп мәселеге бір жақты қарауға болмайды. Міне осыған байланысты құжаттарды салыстырып, парасатты көзқараспен қарау керек», – деді алаштанушы.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow