455 теңге: елімізде картоп қымбаттап кетті
Ең қымбат картоп Астанада сатылып жатыр. Бағасы 455 теңгеге дейін жетті.
Елімізде картоп бағасы қымбаттап кетті. Осыған байланысты Үкімет үшінші елдерге картоп экспортын алты айға шектеді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, бағаның күрт көтерілуіне Өзбекстаннан сұраныстың артуы және экспорттық бағалардың өсуі себеп болып отыр.
Биыл картоп экспорты 1,5 есеге, яғни 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін өскен.
Соңғы аптада өндірушілер ұсынған картоп бағасы 170-тен 270 теңгеге дейін өсті. Шектеу ЕАЭО елдеріне әсер етпейді, бірақ экспорт қатаң бақыланады. Ішкі нарықтағы қор қажеттілікті қамтамасыз етуге жеткілікті. Ал ең қымбат картоп Астанада. Бағасы 455 теңгеге дейін жетті.
“Соңғы аптада экспортқа бағытталған өндірушілер арасында бағаның күрт өсуі (170 теңгеден 270 теңгеге дейін) тіркелді. Осыған байланысты, ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында 2025 жылғы 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында картопты үшінші елдерге әкетуді 6 ай мерзімге шектеу туралы шешім қабылданды”, делінген Үкіметтің хабарламасында.
Сонымен қатар қалыптасқан жағдайды ескере отырып, биылғы 16 қаңтарда экспортқа фитосанитариялық сертификаттар беру толығымен тоқтатылды.
Қабылданған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және нарыққа қатысушылар тарапынан алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.
Ал АШМ деректері бойынша, бүгінгі таңда қолда бар қорлар 2025 жылғы ерте егін жинау науқанына дейін ішкі қажеттілікті толық жабу үшін жеткілікті.
“19 қаңтардағы жағдай бойынша қорлар сауда желілеріндегі қорларды есепке алмағанда 850 мың тоннадан асады”, деп жазды Үкімет баспасөз қызметі.
Сіздің реакцияңыз қандай?