7 сейв пен 5,5 млн оқырман: Испанияны тоқтатқан қақпашы бір күнде әлем жұлдызына айналды

Маусым 16, 2026 - 10:21
chat_bubble  0 visibility  6
7 сейв пен 5,5 млн оқырман: Испанияны тоқтатқан қақпашы бір күнде әлем жұлдызына айналды
Фото: vozinha1 парақшасынан

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінде Испания құрамасының шабуылына тосқауыл қойған Кабо-Верде қақпашысы Возинья (Жозимар Жозе Эвора Диаш) бір түннің ішінде әлемдік жұлдызға айналды, деп хабарлайды Sadaq.kz.

40 жастағы тәжірибелі қақпашы Испаниямен өткен кездесуде жеті бірдей сейв жасап, өз қақпасына гол жібермеді. Оның сенімді ойынының арқасында Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отырған Кабо-Верде фаворит саналатын Испаниямен 0:0 есебімен тең түсті. Возинья матчтың үздік ойыншысы атанды.

Матчтан кейін әлеуметтік желіде де ерекше жағдай болды. Ойын басталғанға дейін Instagram-да шамамен 50 мың оқырманы болған қақпашының парақшасына әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер жаппай жазыла бастады. Бір сағаттың ішінде оның оқырманы 1,5 миллионға жетсе, кейін бұл көрсеткіш бірнеше миллионға дейін өсті.

Жанкүйерлердің жаппай жазылуына бразилиялық танымал стример әрі спорт комментаторы Казимиро Мигелдің (Caze TV) тікелей эфир кезінде көрермендерді Возиньяның Instagram-парақшасына жазылуға шақыруы да әсер еткен. Соның нәтижесінде қақпашының аккаунты санаулы сағатта миллиондаған жаңа оқырман жинады.

Возинья матчтан кейін көз жасына ерік бергенін жасырмады. Оның айтуынша, бұл күнді өмір бойы армандаған. Алайда өзін тәрбиелеген ата-әжесі өмірден өтіп кеткен, ал анасы виза мәселесіне байланысты тарихи кездесуді стадионнан тамашалай алмаған.

Айта кетейік, Возинья Португалияның екінші дивизионында өнер көрсететін Chaves клубының қақпашысы. Ол Кабо-Верде құрамасының ең тәжірибелі ойыншыларының бірі саналады. Алайда Испанияға қарсы кездесуге дейін оның есімі әлемдік футбол жанкүйерлеріне кеңінен таныс болмаған еді. Бір ғана матч пен жеті сейвтің арқасында Возинья әлем чемпионатының алғашқы сенсациялық қаһармандарының біріне айналды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0