Адам «жұтатын» арал: Құпияға толы Барсакелмес туралы

Қазан 14, 2025 - 10:20
Адам «жұтатын» арал: Құпияға толы Барсакелмес туралы

Қазақ жерінің орталығында, Арал теңізінің қақ ортасында орналасқан Барсакелмес аралы – тарих, экология және мифология тоғысқан бірегей мекен. 

 «Барсаң, келмейсің» деген мағына беретін атауымен танымал бұл арал ғасырлар бойы аңыздар мен құпия әңгімелердің орталығы болып келеді. Халық арасында «адам жұтатын» тұман, уақыт аномалиялары және ғарыштық байланыстар туралы әңгімелер тараған. Осы мақалада Барсакелмес аралының тарихына, экологиялық маңызына, геологиялық ерекшеліктеріне және мистикалық аңыздарына саяхат жасап, оның құпияларына үңілеміз.

Аралдың тарихы мен қорықтың құрылуы

Барсакелмес аралын алғаш рет XIX ғасырдың 50-жылдары орыс географы Алексей Бутаков ғылыми тұрғыда зерттеді. Ол Арал теңізінің картасын жасап, аралдың ерекше табиғатын атап өтті. Бутаковтың зерттеулері аралдың сирек кездесетін флора мен фаунасына назар аударды, бұл кейіннен қорық құруға негіз болды. 1930 жылдары Кеңес үкіметі мұнда сирек жануарлар мен өсімдіктерді сақтау мақсатында қорық құруды ұйғарды. 

1939 жылы 10 желтоқсанда Барсакелмес ресми түрде қорық мәртебесін иеленді. Мұнда құлан (Equus hemionus kulan), жейран (Gazella subgutturosa) сияқты жануарлар мен бірегей өсімдіктер қорғауға алынды. 

Алайда, аралдың экожүйесі тұщы су тапшылығына байланысты қиындықтарға тап болды. Жылдық жауын-шашын мөлшері небәрі 100-120 мм болғандықтан, жер асты сулары ащы (орташа тұзды) сипатта болды. Бұл мәселе қорықтың дамуына кедергі келтірді, бірақ соған қарамастан Барсакелмес Қазақстандағы тоғыз қорықтың ішіндегі ең ерекшесі болып саналады. 

Аралдың бір кездегі аумағы 200-300 км² болғанымен, Арал теңізінің тартылуына байланысты 2000-жылдардың басында құрлықпен бірігіп, арал мәртебесінен айырылды. Қазір қорық аумағы (163 126 га, оның ішinde 50 884 га Барсакелмес учаскесі) Рамсар конвенциясына енгізілген «Дельта» учаскесі (330 га сулы-батпақты жер) ретінде қорғалады.

Экологиялық апат және Возрождение аралы

Арал теңізінің тартылуы – XX ғасырдағы ең ірі экологиялық апаттардың бірі. 1960-жылдардан бастап теңіз суының азаюы Барсакелмес аралының экожүйесін күрт өзгертті. Тұщы су көздері жоғалып, жануарлардың өмір сүруі қиындады. 1982-1991 жылдар аралығында 260-тан астам құлан Алтай және Бетпақдала сияқты басқа қорықтарға көшірілді. Теңіздің құрғауы аралды тұзды тақырға айналдырып, биоалуантүрлілікті сақтауды қиындатты.

Барсакелместен 60 шақырым қашықтықта орналасқан Возрождение аралында Кеңес Одағы 1948-1992 жылдар аралығында құпия биологиялық қару зертханасын ұстады. Бұл жерде «Биопрепарат» бағдарламасы аясында сібір жарасы (антракс), оба сияқты неше түрлі қауіпті патогендер сынақтан өтті. Расы керек, бұл сынақтар Арал теңізі маңындағы экологияға және жергілікті халыққа үлкен зиян әкелді. Возрождение аралындағы мұндай құпия жобалар Барсакелмес аралына қатысты түрлі мистикалық аңыздардың тіптен өршуіне алып келді. 

Дегенмен, көптеген зерттеушілер Барсакелмес аралының расында ғылымға сыймайтын түрлі құпия эксперименттердің нысаны болғанын айтады. Алайда бұған нақты дәлелдер жоқ.

Адам «жұтатын» арал және мистикалық аңыздар

Барсакелмес аралының атауы – «Барсаң, келмейсің» – халық арасындағы оның қауіпті әрі құпия екеніне деген сенімдерден шыққан. Аралдың оқшау орналасуы, қатал табиғи жағдайлары және Арал теңізінің экологиялық апаты оны мистикалық әңгімелердің орталығына айналдырды.

Сондай ең танымал аңыздардың бірі – «адам жұтатын» арал туралы хикая. Ежелден айтылып келе жатқан бір әңгімеде жауынан қашқан тайпа аралға бас сауғалайды. Ақсақалдың табиғатқа зиян келтірмеу туралы ескертуіне қарамастан, олар ағаштарды кесіп, жануарларын өлтіре бастайды. Осыдан кейін ордалы жылан пайда болып, бәрін жұтып қояды. 

Әрине, мұндай аңыздардың қазақ мәдениетіндегі табиғатпен үйлесімде өмір сүру идеясын және оны бұзғандардың үлкен зауалға ұшырайтыны туралы сенімнен туғаны белгілі. 

Сол секілді тағы бір аңызда аралдағы құпияға толы аппақ тұманына қатысты. Аралға табан тіреген кейбір балықшылар мен саяхатшылар кенет пайда болған қалың тұманға тап болып, із-түзсіз жоғалып кетіп жатады-мыс. Қалғандары оларды іздегенімен, ешқандай із таппаған. Бұл оқиғалар Арал теңізінің тұзды суынан және құмды дауылдарынан туатын қалың тұманмен байланысты болуы мүмкін. Тұман бағдарсыздық пен психологиялық әсер тудырып, «үз-түзсіз жоғалулар» туралы әңгімелердің тууына алып келген болуы да бек мүмкін. 

Уақыт аномалиялары

Барсакелмес аралын «Қазақ Бермуд үштағаны» деп атауға себеп болған ең таңғаларлық әңгімелер – уақыт аномалиялары. Көптеген деректерде 1930 жылы аралға топографиялық экспедиция жіберілгені айтылады.  Алайда аралға барған экспедиция құрамы үш ай бойы хабарсыз кетеді. Олар оралғанда, бар болғаны үш күн ғана жүргендерін айтқан. 

Сол сияқты, бір топ саяхатшы ақ тұманда жарты сағатқа жетпейтін уақыт болғанына сенсе де, шын мәнінде бір жарым күн өткен. 

Бұл құбылыстарды кейбір зерттеушілер аралдағы магниттік аномалиялармен, геологиялық ерекшеліктермен немесе түрлі психологиялық факторлармен түсіндіреді. 

Аралдың магниттік өрістері навигациялық құралдарға кедергі келтіріп, уақыт пен бағдарды қабылдауды бұрмалауы мүмкін. Дегенмен, мұндай құбылыстардың ғылыми дәлелі әзірге жоқ.

Әбдіразақ есімді қазақтың ғарышпен байланысы

Барсакелмес аралының ең жұмбақ аңыздарының бірі – Әбдіразақ есімді қария туралы хикая. XX ғасырдың ортасында ол аралдың ортасына тігілген киіз үйде тұрып, аспаннан түскен жұмбақ зат арқылы ғарышпен байланысқан делінеді. Бұл зат арқылы ол болашақ жайлы болжамдар алып, соның бірі – «адам баласы жақын арада аспанды бағындырады» деген сөзі. Расында да араға бір жыл салмай, 1961 жылы Юрий Гагарин Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарышқа ұшыпты  делінеді. 

Ең қызығы, кеңес ғалымдары мен әскерилері Әбдіразақтың жұмбақ затын зерттеуге тырысқанымен, еш нәтижеге жетпеген. Аңызда тікұшақтардың моторы істен шығып, ауыр танктер мен байланған иттер тұманда жоғалып кеткені айтылады. 

Бұл оқиғалар да сол аралдың магниттік өрістерінің ерекшелігімен немесе қатал табиғи жағдайларымен (тұзды орта, құмды дауылдар) байланысты болуы ықтимал. 

Оның үстіне 1950-60 жылдары КСРО-да НЛО және паранормалды құбылыстарға деген қызығушылықтың өршуі де осы аңыздың тууына себеп болғаны даусыз.

 Немесе Әбдіразақ образы көшпелі қазақтың қиялынан туған дүние болуы да мүмкін. Аңыздағы ақсақалдың вагон немесе будка емес киіз үйде тұруы да көріпкелдік дәстүрі (бақсылық) мен көшпелі мәдениетінен көрініс береді.

Барсакелмес аралы Тұран ойпатының бөлігінде орналасқандықтан, жер асты суларына бай аймаққа жатады. Қазақстанның жер асты су қорының 70%-дан астамы оңтүстік және батыс аймақтарда, соның ішінде Арал маңында шоғырланған. Барланған қорлар 261 кен орнын және 71 телімді қамтиды, жылдық пайдалану көлемі шамамен 11 млн м³ (тұщы және аз тұзды сулар). Алайда, Барсакелмес аралында жер асты сулары ішуге жарамайды. Яғни тұщы су тапшылығы қорықтың басты мәселесі болып келеді. Арал теңізінің тұздануы мен жауын-шашынның аздығы (100-120 мм/жыл) су ресурстарын ішуге жарамсыз етті. 

Пайдалы қазбаларға келсек, аралдың геологиясы (қабатты-денудациялық жазық, биіктігі 60 м-ге дейін) ірі кен орындарына қолайсыз. Тек натрий-хлоридті және сульфатты тұздар (сортаң топырақтар) кездеседі, бірақ қорық мәртебесіне байланысты өндіріс жүргізілмейді. 

Металдар (мыс, алтын, темір) немесе мұнай-газ қорлары туралы деректер жоқ. Аралдың құмды аймақтары мен тұз қабаттары экологиялық апаттың салдары ретінде ғана ерекшеленеді. 

Аралдың қазіргі жағдайы 

Арал теңізінің тартылуына байланысты Барсакелмес аралы физикалық түрде жойылып, құрлықтың бөлшегіне айналды. Бүгінде аралды тұзды шөл мен сортаң топырақ басып жатыр. Дегенмен, аралдың өзіне тән аңыздары мен тарихы халық жадында сақталып, зерттеушілер мен әуесқойлардың қызығушылығын тудырып келеді. 

Яғни экологиялық жағдайына қарамастан Барсакелмес қазақ мәдениетінде ерекше орын алатын жердің бірі. Ол туралы аңыздар ауыз әдебиетінде, әңгімелер мен шығармаларда ежелден бері келе жатыр.

 Аралдың құпиялығы мен осындай түрлі аңыз-әңгімелер оны туристік және зерттеу нысанына айналдыруға мүмкіндік беретіні даусыз. Алайда дәлі қазіргі таңдағы экологиялық мәселелер бұған кедергі келтіріп отыр. 

Аралдың аңыздары кейде әлемдік поп-мәдениетке де әсер етіп жатады. Мәселен, Барсакелмес атауы әлемдік деңгейдегі «жоғалған әлем» немесе «аномалды аймақ» ретінде фантастикалық шығармаларда айтылып қалып жатады.

Барсакелмес аралының құпиялары әлі толық ашылған жоқ. Болашақта теологиялық және археологиялық зерттеулер жасалып, аралдың уақыт аномалиялары мен магниттік өрістер туралы мифтердің сыры ашылары сөзсіз

Қуантарлығы, қазіргі таңда Арал теңізін қалпына келтіру жобалары, мысалы, Солтүстік Аралды сақтау бастамалары, аралдың экожүйесін ішінара қайтаруға үлес қосып отыр. 

Сонымен қатар, Әбдіразақ сияқты аңыздар мен түрлі фольклорлық элементтер шетелдік зерттеушілердің қазақ мәдениетінің байлығын зерттеуге жол ашуы мүмкін. Аралдың геологиялық құрылымын тереңірек зерттеу магниттік аномалиялар мен техниканың істен шығуы туралы фантастикалық шығармалар мен кинотуындылар да жарыққа шыға бастар болашақта. 

Қысқасы, Барсакелмес аралы – тарих, экология және мифология тоғысқан бірегей мекен. Оның қорық ретіндегі маңызы, Арал теңізінің экологиялық апаты, Возрождение аралындағы биологиялық сынақтар және Әбдіразақтың ғарыштық болжамдары оны тарихи тұрғыдан маңызды етеді. «Адам жұтатын» тұман, уақыт аномалиялары және НЛО әңгімелері аралдың мистикалық беделін арттырады. Арал теңізінің тартылуымен физикалық түрде жойылғанымен, Барсакелмес қазақ мәдениетіндегі және халық жадындағы орны мәңгі сақталады. Бұл – шынайылық пен аңыздың шекарасындағы жұмбақ әлем, оның құпиялары әлі де зерттеушілерді, әуесқойларды және мәдениеттанушыларды әлі де баурап ала бермек. 

Барсакелмес қорығы 

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы – Қазақстандағы ең ерекше қорықтардың бірі, ол Арал теңізінің экологиялық апатынан зардап шеккен аймақта орналасқан әлемдегі жалғыз қорық. Ол Тұран шөлейттерінің экожүйесін қорғауға арналған. Яғни саны азайып бара жатқан ақбөкен мен қарақұйрықты қорғау, құлан популяциясын қалпына келтіру мақсатында құрылған. 

e-history.kz

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow