Астана әкімдігі шеруге кіре алмаған ардагерден кешірім сұрады

Астана қаласының әкімдігі парадқа кіре алмаған Тыл ардагерТеңдік Изақовтан кешірім сұрады, деп хабарлады sadaq.kz.
Елорда әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес, қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қаланың Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов тыл еңбеккері профессор Теңдік Изақовпен және оның отбасымен кездесіп, көп жылғы еңбегі үшін алғыс білдіріп, 7 мамыр күні шеру өтетін орынға кіре алмағаны үшін кешірім сұраған.
Іс-шара аумағына өту арнайы әзірленген тізім бойынша жүзеге асырылды. Орын санының шектелуін, сондай-ақ ардагерлердің жасы ұлғайғанын ескере отырып, тізім ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің туыстарынан тікелей түскен өтініштер бойынша ғана әзірленді. Бұл ретте шеруге еліміздің барлық өңірінен ардагерлер мен тыл еңбеккерлері қатысты. Теңдік Изақовтың отбасынан өтініш түскен жоқ, - деп хабарлады қала әкімдігінен.
Астана әкімдігі Теңдік Изақовқа және оның жақындарына туындаған жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұрады.Теңдік Изақов 9 мамыр күні гүл шоқтарын қою рәсіміне шақырылды.
Бұған дейін Астана қаласында өткен әскери парадқа соғыста еңбек еткен тыл ардагерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері кіргізбей қойғанын жазған едік.
Бұл туралы әнші Зарина Омарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Айуынша, осыдан бір жыл бұрын ардагерді такси күтіп тұрған жерінен үйіне апарып тастаған екен.
"Достар, осыдан 2 жыл бұрын бір ардагер атаны көшеде такси күтіп тұрған жерінен кездестіріп, үйіне апарып тастаған едім. Өзі сондай ашық-жарқын, өте сыпайы кісі . Сол кезде 67 жыл бойы нейрохирург болып жұмыс істегенін айтқанда таң қалғанмын – нағыз еңбек адамы, нағыз батыр екен. Бүгін Instagram-да сол кісіні көріп қалдым. Өкінішке орай, парадқа кірмей қалғаны жүрегімді ауыртты… Осындай адамдарды ұмытпауымыз керек. Олар – еліміздің мақтанышы", - деп жазды ол.
Видеода халықтың наразылық білдіріп жатқанын көруге болады. Сондай-ақ, желіде де бұл жайт үлкен резонанс тудырғанын айта кету керек.
Сіздің реакцияңыз қандай?






