Бүгін - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн

Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады.

Мамыр 31, 2024 - 09:07
Мамыр 31, 2024 - 09:38
Бүгін - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын күн
Фото: inform.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады.

Президент жазбасында қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау  жұмыстарының әлі де жүріп жатқанын әрі қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек екені айтылған. 

"Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр. Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз", – деп жазды Президент.

Бүгін Қазақстан халқы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Өйткені саяси қуғын-сүргіннің ашылмаған ақтаңдақтары әлі жетерлік. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы 4 жыл бойы (2019-2023) жұмыс істеді.

Осы кезеңде комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарын жүргізді. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте сақталған құжаттарды зерделеді. Соның арқасында 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді.

Осы еңбектің қорытындысын ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін жиналған материалдардың 72 томдық жинағы бір сериямен әзірленді. Қазір осы комиссияның жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырып отыр. Бұл орталыққа арнаулы мемлекеттік архивтерден репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілген. Аталған құжаттар цифрлы форматқа көшіріліп, электронды қор жасақталып жатыр.

1921 және 1954 жылдар аралығында Қазақстанда 3,7 адам сотталып, 640 мыңы атылған. Соның ішінде саяси себеппен 103 мың адам сотталып, 25 мың адам саяси себеппен атылған. Бұл 25 мың адамның арасында елде басшылық қызметтер атқарған 650 адам да бар. Қазір Алаш арыстары деген атпен ұлықталып жүрген асыл тұлғалардың бәрі осы 650 адамның қатарында болды.

Өкінішке қарай, ғалымдар да, ресми тарих та ашаршылықтан ажал құшқан қазақ саны туралы бір тоқтамға келе алмай жүр. Бір деректерде 1921-22 және 1930-1933 жылдары жүрген ашаршылықтардың кезінде қырылған қазақтың саны 1 млн адам делінсе, тағы бір көздерде 2-3 млн адамға жеткені айтылады.

Тағы бір топ ашаршылық жалмаған буынның жалпы санын 4-5 миллионға дейін апарып тірейді. 

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow