Екі млрд доллар жоғалттық: Трамптың сауда соғысының салқыны Қазақстанға да тие бастады

АҚШ-тың әлемге жариялаған сауда соғысы Қазақстанға да теріс әсерін беріп үлгерді. Қазақстанның шикізат экспортының көлемі биыл екі айда 12%-ға төмендеді. Импорт іс жүзінде өзгермегендіктен, сауда балансының профициті де 36%-ға төмендеді. Осылайша Қытай алғаш рет Ресейдің алдын орап өтіп, басты импорт тасымалдаушысы атанды. Мамандар Қазақстан үшін бұл дабыл қағарлық белгі екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанның 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы сыртқы сауда-саттық мәліметтерімен бөлісті.
2025 жылдың алғашқы екі айында экспорттың күрт төмендеуі байқалады, яғни жылына 12,4% немесе 12,2 млрд доллардан 10,7 млрд долларға дейін.
Дегенмен бұл арада ішкі құрылымы көрсетілмейді.
"Ал біздің есептеулеріміз бойынша, бұл шикізат экспорты көлімінің 15% немесе 1,5 млрд долларға, атап айтқанда шикі мұнайды 21%-ға қысқаруынан орын алды. Басқа шикізат түрлері аз мөлшерде азайған: кен мен минералдар - 14%, металдар мен қорытпалар - 10%. Керісінше, шикі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 30%-ға өсті. Экспорттың қысқаруына, негізінен, Қытай, БАӘ, Ресей, Франция және Германия елдеріне тауар тасымалының күрт азаюы ықпал етті. Жалпы, ЕАЭО елдеріне бағытталған экспорт 19,7% - ға, Еуропа елдеріне 1,6% - ға төмендеді, ал Орталық Азия мен Әзірбайжанға жеткізілім 3,3%-ға өсті. Еуропаға бағытталған экспорттың төмендеуіне шикізат нарықтарындағы бағаның құбылмалылығы, негізгі сауда серіктестерін қайта қарастыру сынды факторлар түрткі болуы мүмкін", - дейді Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Айдос Тайбекұлы.
Францияға (жылына: -45%) және Германияға (жылына: -50%) бағытталған шикізат экспортының күрт төмендеуіне қарамастан, қазақстандық мұнайдың дәстүрлі сатып алушысы - Италияға жеткізілетін мұнай көлемі 11% жылдық өсімді тіркеді. Сондай-ақ Норвегияға ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты бірнеше есе өскенін айта кетелік: 1,4 млн доллардан 2,06 млрд доллар.
Құрылымы жағынан экспорт әлі де негізінен шикізаттан тұрады.
Біздің жіктей қарастыруымыз бойынша, олардың үлесі 79%-ды құрайды, оның 58%-ы - мұнай, 15%-ы — әртүрлі кендер, минералдар және олардың бастапқы өңделген өнімдері, 5%-ы - ауыл шаруашылығы өнімдері, қалған 2%-ы - шикізаттың басқа түрлері.
Қазақстанда өндірілмейтін дайын жоғары технологиялық өнімдер (мысалы, Ресейге экспортталатын электроника және Қытайға жөнелтілетін ядролық реакторлар) экспортының едәуір көлемі іс жүзінде реэкспорт болып табылуы мүмкін екендігі де ескертіледі.
"Экспорттың едәуір төмендеуін ескере отырып, сауда балансының профициті 36%-ға немесе 3,9 млрд доллардан 2,5 млрд долларға дейін қысқарды.Қазақстанның дәстүрлі профициттік сауда балансы шикізаттың жоғары экспорты есебінен қамтамасыз етілетінін атай кетелік. Алайда, тек шикізаттық емес экспортты есепке алғанда, біздің жіктеуімізге сәйкес, көрсетілген кезеңдегі сауда балансы тапшы болды: 6 млрд доллар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Қытайдың импорттағы үлесі 25,7%-дан 28,8% - ға дейін өсті. Ұзақ уақыттан бері осылайша алғаш рет Қытай импорттық тауарлардың басты жеткізушісі болып, Ресейді осы позициядан ығыстырды", - дейді ол.
Еліміздегі Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Құлекеев барлық экспорттың шамамен 80%-ы тек 10 тауар позициясы маңайында қалыптасатынын айтады. Оның айтуынша, жылдың басында экспорт көлемінің 12%-ға төмендеп, шамамен 2,5 млрд долларға дейін қысқарды. Ол мұндай құлдырау дабыл қағарлық белгі екенін айтады.
"Әлемдік экономика тұрақсыздығы мен Қытай жағдайының беймәлімдігі аясында өсімнің 2%-ға баяулауы күтіледі. Мұндайда біздің бизнеске деген қауіп-қатер тәуекелдері күшейе түседі. Біздің еншімізде, ең көп дегенде екі ай бар, яғни Қазақстан жаһандық құбылмалылықтың салдарын шындап сезіне бастауына дейін. Сауда-экономикалық қызметті жүзеге асыратын мыңдаған кәсіпкерлер бәрінен бұрын қиындықтарға тап болуы мүмкін", - дейді ол "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында.
Сіздің реакцияңыз қандай?






