«Ішіп кетесің бе, оңбайсың!»: Бекболат Тілеухан Мұхтар Мағауин туралы естелігін жариялады

Ана ағаң құсап үкіңді желпілдетіп қыз қуып қызық қуып арақ ішіп, ана ағаң құсап әлділерді жағалап ән салып жүрме. Дауысың қарлыққан күні қараңды батырасың!

Қаңтар 14, 2025 - 10:29
Қаңтар 14, 2025 - 10:29
«Ішіп кетесің бе, оңбайсың!»: Бекболат Тілеухан Мұхтар Мағауин туралы естелігін жариялады
Мағауин болмаса біз жоқпыз!
Арғымаққа тайтөлеу ұрпақ. Өрекпіген атеизм заманының оқушысы. Үрей сіңіп үрпиіп өссе де, үлесін бермеуге бекінген өлермен буын. Түсіндірерге текті дерден басқа уәжім жоқ. Өз басы ноқтаға сыйса да, мүддесі заманынан бөтен еді. Мұраты басқа, арманы алабөтен кейіпте алашының жоғын түгендеді. Керегін дөп басты. Жаны жасыған, құлдықтың қамытынан жауыр болған жұртының жарасын жыраулармен емдеді. Дертпен күресті. Күрес өмірінің мәніне айналды. Бөтен мүддесі үшін үнемі қақпай шекті. Қағажуға қажымады. Бірақ ашынған сыңайлы. Ашынғаннан болар артықпын деп ашық, ұлымын деп ұялмай айтты. Біз емес “МЕН” деп қойды. Онысына да үзір бар. Сұңқар тұрып сұрқылтайға тамсанған құл-қоғамның талғамына тарыққаннан да болар.
Ортаға сыюды мақсат та тұтқан жоқ. Өз мақсаты, өз әлемі болды. “Көмбідей ару жаларға, күректей мұзды тоңдырып, күңіреніп күн түбіне жортқан” бабалармен мүдделес кейіпте, қаламын қылыш қылып өз соқпағымен тарта берді. Көлденеңдегенді аямайтын. Мәмлеге жоқ. Ұстанымына тастай. Бәлки мықтылығының бір себебі де осында болса керек. Қате дұрысына біз емес Тәңір төреші. Өлшем-пайымы да өзінікі. Өзгеше. Өз пәнінің майталманы. Өзге пәнді түсінгісі жоқ. Қарқынына тосқауыл деп білсе керек. Әрине Мағауин абсолют емес. Уникум. Феномен. Берері жойқын, безері де жетерлік.
Құдай тағала оған жойдасыз қабілет берген. Ең ғажабы да, ең қиыны да сол — оны өзі біледі. Бес қаруы сай батыр секілді. Зерттеушілік ғылми түйсігіне зердесі, зердесіне тілі, тіліне сұңғылалығы, сұңғылалығына қырағылығы, сұмдық интуиция, мүлтіксіз мұқият, масқара дәлдік бәрі-бәрі Мағауинге тән. Суреткерлік пен ғалымдықтың көп жағдайда басы бір қазанға сыймай қалып жататыны болушы еді. Мағауинде біте қайнасқан. Осы қыруар қабілеттің бәрін иненің көзінен түйені өткізетін стильдік шеберліктің шыңына жеткен. Төкпе күйдегі Рысбай Ғабдиев, шертпедегі Мағауия Хамзин секілді басы артық бір қағысы жоқ, арқаудан ауытқымайтын виртуоз. Бекзат-дәулескерге тән бір кемістік (мүмкін артықшылық) тыңдаушысымен санаспайды. Түсінсе түсінді. Түсінбесе өзінен көрсін.
“Қияндағы қыстауды” менің буынымдағы кітапқа жақын қазақтың оқымағаны кемде кем. “Тазының өліміне” тәнті боп жүргенде Мағауиннің қадірін Ерік Асқаров, Таласбек Әсемқұлов, Тұрсынжан Шапай, Ғалым Доскендердің тамсануымен таныдым. Одан соң “Бес ғасыр жырлайды” мүлдем есімізді алды. Бір анық жәйт — Мағауин болмаса біз жоқпыз. Әнші емес, жыршы ретімді айтам. Күйді жырға телудің жалғасуы, қобызбен жырлау, қалыс бұрау, тамырлас елдердің дәстүрлі мұрасына үңілу бәрі-бәріне себеп боп қамшылаған Мұхтар Мағауин еді.
Мұхтар ағамен тұңғыш сапарластығым 1989-жылы Шет ауданының 60 жылдығына орай болды. Сол өңірдің баласы болғандығымнан ұшаққа мінгеннен мәртебелі мейманым көріп өзімше алды артынан шығып қызмет көрсетіп-ақ жүрмін. Ол кезде қатты атақты болмасам да, әдеби ортаға танылып қалғам. Ағам ара-тұра естіп жүргенін айтты. Шынын айтқанда, әдебиетінен басқа дүниеге қатты қадалып қызыға қоймайтын. Ұлан-асыр Ақсу-Аюлыдағы тойдың бәйге, айтыс, ән-жырын бәрін тамашалады. Жазуда өте шебер болғанмен топ алдында сөйлеуге машықтанбаған. Әбіш, Ақселеу, Жәнібек ағалар секілді публиканы иіруге құлқы жоқ.
Сонымен менің сахнаға шығатын кезегім келді. Тілеуімді ел де, өзім де тілеп жүрген шақ. Әнге сусап отырған ауылым айрықша қабылдады. Терге шомып отырып екі әннің орнына 7-8 ән кетті. Қошамет. Овация. Қосшы баласының өнеріне риза боп Мұхтар ағам да құттықтады. Адамға бір анықтап қарайтыны бар еді. Рентген секілді бүкіл жан-дүниеңді тінтіп-тіміскілеп шығатын жіті қарас. Қысылғаныңызға қарамай қарайды ағам. Өйткені оған керек. Болды!
Қайтарда АН-24-тің екі адамдық орындығына Бақыт апамның орнына шақырып алды да ақыл айтты. Мәңгілікке мөр басып бергендей анық сөз. Айқын бағдар! Айтқаны: “Әй, бала! Әншілігің әжептәуір екен. Әмбе зердесіз де емессің. Политехта оқыпсың. Зеректігің де болса керек. Қысқасы, талантты баласың! Бірақ, бір нәрсені есіңде ұста. Сен осындай дарынды болғаның үшін сіңірген зәредей еңбегің, титтей үлесің , жасаған жұмысың жоқ. Солай тудың. Алла солай жаратты. Болды. Енді осы құдайдың бергенін еселеп елге қайтармасаң құдай төбеңнен ұрады. Ішіп кетесің бе, берекең жоғала ма. Оңбайсың!”
Қамқорсығаныңыз ба, ұрысқаныңыз ба, мазағыңыз ба дегендей жасқана қарағанымда “ана ағаң құсап үкіңді желпілдетіп қыз қуып қызық қуып арақ ішіп, ана ағаң құсап әлділерді жағалап ән салып жүрме. Дауысың қарлыққан күні қараңды батырасың. Қыруар қазына бар қазақтың қолына жетпеген. Жеткіз! Тап сен жеткізе аласың! Той қуып кетпе! Нақты мақсатты қу. Ұлы мұратты тап. Сонда қашамет пен құрмет өзі қуып жүріп табады сені.” Мағауин өзі айтып отырған соң менде ес қалмады.
Шабыт жөнінде сұрадым. “Шабыт деген ол — дайындықтың нәтижесі. Бір нәрсені мақсат тұтасың. Дайындаласың. Сол төңіректе ақпарат жинайсың. Саралайсың. Бір жүйеге өзі ыңғайланбақ. Ішіңде жүріп піседі. Сосын отыра қаласың да жазасың. Тамағың тоқ, үйің жылы, денің сау, көңіл алаңсыз болмағы керек. Негізінен ерте таңның алдында отырамын жазуға. Сол уақыт берекелі болады. “Аласапыранның” дайындығына жастығым кетті десем болады. Ал жазуын сегіз-ақ айда жаздым. Былайша қияли шабыт іздеп ақымақ болма! Шабыт ол — еңбекке берілген Алланың сыйы. Оны сұрап аласың, құрап аласың.”
Үйіне бармасам да жұмысына барып ақылын тыңдап кететін аз-кем араласым болды. Концертке келуге уақытын үнемдейтін. Үйлену тойымды ашып берді. “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығына “Жұлдыздан” ұсынды. Салмақ та алмайтын, салмақ та салмайтын. Ұлтына берерін сарқып берді. Әр адам аңсайтын 85 деген жасын жасады. Арманы жоқ дерлік-ақ. Қалаулысын қимай қабырғасы қайысқан жұрт Алатаудың баурайына сыймай Кеңсайға қарай шеру тартып бара жатса деген арман сығалайды. Бұл жолы тағы “Мағауинше” қиыс тартты.
Жердің бәрі Алланыкы. Алладан келгенбіз, Аллаға қайтушымыз! Бабалар түскен бәз соқпақ. Бұрылып соған түскен екенсіз. Алдыңыздан жарылқағай!

Бекболат Тілеуханның facebook пaрaқшaсынан

 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow