Израильде ХАМАС шабуыл жасаған елді мекеннен 100-ден астам адамның өлігі табылған
Израиль еріктілері Газа секторына жақын орналасқан Беэри кибуцында ХАМАС шабуылынан қаза тапқан 100-ден астам адамның мәйітін тапқанын хабарлады.
Жергілікті тұрғынның бірі кибуцтың толық жойылғанын айтты. Бұған дейін Беэриде мыңға жуық адам тұрған. Мәйіттер әлі де көп болуы мүмкін.
Беэри кибуцы — 7 қазанда таңертең ХАМАС шабуылына ұшыраған елді мекеннің бірі. Мұндағы тұрғындардың кепілге алынып, кейін босатылғаны туралы хабар тарады.
Бұған дейін Израиль әскерінің өкілдері ХАМАС содырларына қосымша күштер Газадан Беэриге дейін қазылған жерасты жолымен келуі мүмкін деген болжам айтқан.
7 қазаннан бері ХАМАС-тың Израильге шабуылы кезінде кем дегенде 900 адам қаза болып, екі жарым мыңға жуық адам жараланған. Жүздеген адам хабар-ошарсыз кетті, тағы жүзге жуық адам кепілге алынған, олар Газа секторында болуы мүмкін.
Израиль шабуылға жауап ретінде "Темір қылыш" әскери операциясын жүргізіп, Газа секторындағы нысандарға шабуыл жасап жатыр. Палестина тарапының хабарлауынша, Израиль қорғаныс күштерінің соққысынан 700-ге жуық палестиналық қаза тауып, Газадағы төрт мыңға жуық тұрғын жараланған.
Сіздің реакцияңыз қандай?