Қазақстанда спорттық психология жаңа деңгейге көтеріліп келеді
Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) спорттық психология тақырыбының болашағы талқыланды, деп хабарлайды sadaq.kz.
Іс-шараға Қазақстанның спорттық психологтары, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, кәсіби спортшылар, қоғамдық бірлестіктер мен спорт федерацияларының өкілдері қатысты.
Бүгінде психологиялық дайындық спорттық нәтижеге тікелей әсер ететін негізгі факторлардың біріне айналып отыр. Сондықтан спорттық психологияны дамыту сапалы білім беру мен ғылыми зерттеулерден бастап, спорттық практикадағы заманауи психологиялық сүйемелдеу құралдарына дейінгі бағыттарды қамтитын жүйелі тәсілді талап етеді.
Қазақ ұлттық спорт университетінің ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева қазіргі спорт спортшыдан тек дене, техникалық және тактикалық дайындығын ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрақтылықты, жоғары мотивацияны сақтай білуді, жоғары бәсекелестік жағдайында барынша жақсы нәтиже көрсетуге дайын болуды талап ететінін атап өтті.
Оның айтуынша, дәл осы ұстаным университеттің алдағы жұмысының негізгі бағыттарының бірін айқындайды.
«Басты міндет - Қазақстанда кәсіби стандарттар, сапалы білім беру, ғылыми зерттеулер және спортшылармен жұмыс істеудің нақты тәжірибесі өзара сабақтасатын спорттық психологияның тұтас әрі заманауи жүйесін қалыптастыру», – деді ректор.
Кездесудің негізгі мәселелерінің бірі психология саласындағы кәсіби біліктілік жүйесін дамыту және спорт саласындағы мамандарға қойылатын заманауи талаптарды қалыптастыру болды.
Қазақ ұлттық спорт университеті бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Университетте спорттық психологияны дамытуға болашақ мамандарды даярлау деңгейінде ғана емес, практикалық тұрғыдан да ерекше мән беріледі. Университет жанында психологиялық кеңес беру орталығы жұмыс істейді. Оның негізгі міндеттерінің бірі - білім алушылар мен спортшыларға психологиялық қолдау көрсету, олардың психологиялық жағдайын бағалау және қажет болған жағдайда кәсіби психологиялық көмек ұйымдастыру.
Іс-шара барысында спортшылардың пікірі де ерекше назарға алынды. Олар спорттық психологтың нақты спорттық мансаптағы рөлі, сондай-ақ психологиялық дайындықтың спорттық нәтижеге қол жеткізу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналғаны туралы ойларымен бөлісті.
Кездесудің маңызды оқиғасы - Қазақ ұлттық спорт университеті мен «Астана қаласының спорттық психологтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуы болды. Меморандум университет пен кәсіби қауымдастықтың әлеуетін біріктіруге, тәжірибелі мамандарды білім беру бағдарламаларын жетілдіруге тартуға, студенттердің жұмыс берушілердің базаларында практикалық даярлығын дамытуға, сондай-ақ спортшыларды психологиялық сүйемелдеу жүйесін жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бұл бастама Қазақстанда спорттық психологияны білім, ғылым және практиканы ұштастыра отырып, жаңа деңгейде дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0