Майқайыңдағы жеті ай бұрын үйінді астында қалған құтқарушылардың бірінің денесі табылды

Шілде 19, 2024 - 16:24
Шілде 19, 2024 - 18:45
Майқайыңдағы жеті ай бұрын үйінді астында қалған құтқарушылардың бірінің денесі табылды

Майқайыңдағы опырылып түскен кеніш түбінде алты жарым ай уақыт жатқан екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Туыстары оның Айдос Шаймерденнің мүрдесі екенін нақтылады, деп хабарлады inform.kz.

Айта кетейік, А.Шаймерден – ойық астында жатқан екі азаматтың бірі болған еді. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары болып қызмет атқарған.

Майқайыңдағы ойықтан бір құтқарушының мәйіті табылғаны туралы ақпаратты Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев растады.

«Жаңа ғана Майқайың кентіндегі шахта басында болдық. Кеніштегі автобус опырылып түсіп кеткен жерді қазып жатқан «Майқайыңалтын» АҚ қызметкерлері екі құтқарушының бірінің мүрдесін топырақ арасынан алып шықты. Ол жерде аталған кәсіпорынның өкілдерінен бөлек, полицейлер, төтенше жағдайлар қызметкерлері де жүр. Алдын ала болжам бойынша, табылған мүрде Айдос Шаймардендікі. Нақтысы арнайы сараптамадан соң белгілі болады. Жағдайдың, қазу жұмыстарының әрі қарайғы реті қалай болатынын айта алмаймын. Оны алтын кенішінің басшылығы шешеді», - деді Ардақ Кісентаев.

Ал марқұм Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден табылған мәйіттің өзінің жолдасының денесі екенін растайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, Павлодар облысындағы майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус биылғы 4 қаңтар күні жер астына түсіп кетті. Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.

Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатқан болатын. 

Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданған.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow