Халықаралық қылмыстық соттың санкциясы: Филиппиннің экс-президенті қамауға алынды
Родриго Дутерте 2016 жылдан бастап 2022 жылға дейін Филиппин президенті болып қызмет атқарды.

Филиппин елінің бұрынғы президенті Родриго Дутерте адамзатқа қарсы қылмыстарға байланысты қозғалған іс бойынша ұсталды. Мұндай ақпаратты ресми құжаттарға сүйеніп Manila Bulletin басылымы жариялады, деп жазады Азаттық радиосы.
11 наурыз күні таңертең Гонконгтен ұшып келген Дуарте Манила әуежайында Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) қаулысы бойынша ұсталды, деп хабарлады Филиппин президентінің кеңсесі. Қаулының көшірмесі Интерполдың Маниладағы бөлімшесіне түскен.
ХҚС 79 жастағы Родриго Дутерте мен басқа да бірқатар тұлғаға қатысты істі тексеріп жатыр. Олар есірткі саудасына қарсы күресті желеу етіп адамдарды сотсыз-тергеусіз атып өлтіруге және басқадай құқық бұзу іс-әрекеттеріне қатысқан деген күдікке ілінген.
Филиппиндік құқық қорғаушылар Родриго Дуарте елде сотсыз-тергеусіз атып өлтірілген алты мыңнан астам адамның өліміне кінәлі деп есептейді. Дуарте есірткі саудагерлері мен есірткіге тәуелді адамдарды жазалауға ашық түрде шақырып, тіпті үш есірткі сатушыны өз қолымен өлтіргенін айтқан.
Родриго Дутерте 2016 жылдан бастап 2022 жылға дейін Филиппин президенті болып қызмет атқарды. Қазір оның қызы Сара Дутерте-Карпио вице-президент қызметінде отыр, ақпан айында оған импичмент жарияланған. Елдің қазіргі президенті – кіші Фердинанд Маркос. Сайлаудан кейін Сара Дутерте Карпио екеуі саяси көзқарасына байланысты бір-бірінен алшақтаған.
Родриго Дутерте президент болып тұрған кезде Филиппин халықаралық қылмыстық сотты құрған Рим статутынан шығып кеткен еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?






