Құрылыс компаниялары қожайындарын Forbes тізіміне енсін деп қолдаған жоқ шығармыз - Мәжіліс депутаты

Бүгін депутат Бақытжан Базарбек Мәжілістің пленарлық отырысында тұрғын үй мәселесіне қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, соңғы 20 жылда мемлекет құрылыс компанияларын қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатып, субсидияланғанмен баспана бағасы төмендемей, керісінше 21 есе қымбаттаған, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Қазір қарапайым қазақстандық азаматтың үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Несие пайызы тым жоғары. Ал біз 23 жыл бойы құрылыс саласының мүддесін қорғап келдік. Үкімет 2001 жылдан бастап құрылыс компанияларын қолдаймын деп жүріп, олардың мүддесін лобби жасауға кірісіп кеткенін байқамай қалды", – деді ол.
Депутаттың мәліметінше, 2001 жылы тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы 23 637 теңге болса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 494 мың теңгеге жеткен.
"Біз құрылыс компанияларын 21 жыл бойы не үшін қолдадық? Олар байып, біреулері Forbes тізіміне енсін деп пе? Кейбіреулер капиталын шетелге шығарып үлгерді. Ал кейбірі ҚҚС-тан босатылғаны аздай, үлескерлерді алдауға көшті", – деп ашынды Базарбек.
Ол Үкіметті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылыс компанияларына берілетін салықтық жеңілдіктерді алып тастауға шақырды және баға саясатына бақылауды күшейтуді талап етті.
"Мен жеке өзім бұл жеңілдікті алып тастауды қолдаймын. Бірақ сұрағым бар: құрылысшылар бағаны негізсіз көтеріп жібермес үшін сіздің Үкіметте қандай бақылау тетіктері бар? Қазір олар бағаны аспандатып жібереді де, біз қосарланған мәселені шешуге мәжбүр боламыз", – деді депутат Ұлттық экономика министрі – вице-премьер Серік Жұманғаринге.
Серік Жұманғариннің айтуынша, салықтық преференцияларды алып тастау туралы ұсыныс жаңа Салық кодексінің жобасына енгізілген.
"Біз де бұл ұсынысты орынды деп есептейміз. Бұл жеңілдіктер ешқандай нәтиже берген жоқ. Баға өсіп жатыр. Бұрын бұл салада салықтан жалтару да жиі болды. Қазір салық комитеті алғашқы ескерту хаттарын дәл осы құрылыс компанияларына жіберіп жатыр. Тиісінше, бақылау орнатылады", – деп сендірді ол.
Вице-премьердің айтуынша, нарықтағы үстемдікке ие компаниялар баға реттеу заңдарына бағынуы тиіс. Бұл талап құрылысшыларға тауар, қызмет және жұмыс жеткізетін компанияларға да қатысты болмақ.
"Сондықтан, менің ойымша, біз бағаның бақылаусыз өсуіне жол бермей, қажетті бақылау жасай аламыз", – деді Жұманғарин.
Айта кетейік, 9 сәуір күні Мәжілісте Қазақстанның жаңа Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер бірінші оқылымда қаралды. Бұған дейін Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін салаларға қарай сараланған етіп: 16%, 10% және 0% деңгейінде енгізуді ұсынған болатын.
Сіздің реакцияңыз қандай?






