«Оны президент еткім келген»: Садыр Жапаров Камчыбек Ташиев туралы ашық айтты

Тамыз 14, 2026 - 11:25
chat_bubble  0 visibility  2
«Оны президент еткім келген»: Садыр Жапаров Камчыбек Ташиев туралы ашық айтты
Фото: видеодан скрин

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров журналист Али Токтакуновқа берген сұхбатында бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевпен қарым-қатынасы және оның қызметтен кету себептері туралы айтты, деп хабарлайды Sadaq.kz.

Жапаровтың сөзінше, екеуі 2005 жылдан бері таныс. Ол 2020 жылы билікке келгеннен кейін Ташиевті ҰҚМК төрағасы қызметіне тағайындаған. Президент оның бес жыл бойы жақсы жұмыс істегенін, алайда жақын адамдары мен айналасындағыларды тиісті деңгейде бақылай алмағанын мәлімдеді.

«Біз дос болып қала береміз. Бірақ оны мемлекеттік қызметке қайтару жоспарымда жоқ. Қазір оған демалу керек», – деді Садыр Жапаров.

Қырғызстан басшысы Ташиевке қылмыстық топтар мен жемқорлардан тәркіленген мүліктердің бір бөлігі мемлекетке өтпей жатқаны туралы халық арасында әңгіме тарағанын бірнеше рет ескерткенін айтты. Алайда Ташиев тексерістен кейін бәрінің заңға сай екенін айтып келген.

Президенттің сөзінше, қызметінен босатылғаннан кейін Ташиев өз айналасындағы адамдарға шектен тыс сенгенін мойындаған.

«Ол маған: “Қателестім, оларға тым қатты сендім. Сенің сөзіңе сол кезде құлақ асуым керек еді”, – деді. Мен оған: “Енді кеш”, – деп жауап бердім», – деді президент.

Садыр Жапаров бастапқыда 2027 жылғы президент сайлауына қатыспай, Камчыбек Ташиевтің кандидатурасын қолдауды жоспарлағанын да жасырмады.

«Бастапқы жоспарым – алты жыл жұмыс істеп, 2027 жылғы сайлауға қатыспау еді. Камчы дайын болса, оның президенттікке түскенін қаладым. Өзім демалысқа кетуді ойладым», – деді ол.

Алайда кейін Жапаров Ташиевтің президент болуға дайын емес екенін түсінген. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлер Ташиевтен қорқа бастаған, ал айналасындағы адамдардың ықпалы күшейген. Парламент депутаттары да «генералды қолдайтындар» және «оған қарсы топ» болып бөліне бастаған.

«Мен оған: “Сайлауға қатысқың келсе, жолыңды ашамын”, – дедім. Ол маған қарсы сайлауға түспейтінін және мені қолдайтынын айтты», – деді Жапаров.

Президент Ташиевтің кемшіліктерімен қатар, мемлекет алдындағы еңбегін де жоққа шығаруға болмайтынын атап өтті. Дегенмен оны әзірге мемлекеттік қызметке қайтару жоспары жоқ екенін нақтылады.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0