Шерзат ісі: Тергеу барысында күтпеген жайт анықталды

Сәуір 29, 2025 - 12:14
Шерзат ісі: Тергеу барысында күтпеген жайт анықталды
Фото: видеодан скрин

Шерзат Болаттың өліміне қатысты тергеу барысында күтпеген жайт анықталды. Оқиға орнында күдікті ретінде ұсталған азамат – Дархан Әскентай, оны сол түні ұстап, полиция бөліміне жеткізген адамның өзімен кезінде бір сыныпта оқығаны белгілі болды, деп хабарлайды saDaq.kz. 

Бұл туралы Талғар аудандық сотында өткен кезекті тыңдауда патрульдік полиция қызметкері Жәнібек Әмірақын куәгер ретінде жауап берді. Ол – 1993 жылы туған, 2014 жылдан бері ішкі істер саласында жұмыс істеп келеді. Дархан Әскентаймен мектеп кезінен таныс екенін растады.

Куәгердің айтуынша, 2024 жылғы 4 қазанда түнгі сағат 00:42 шамасында Талғар қаласындағы Менделеев көшесінде жаппай төбелес болып жатқаны жөнінде хабарлама түскен. Хабарды алған жедел топ санаулы минуттар ішінде оқиға орнына жетеді.

«Жолдастарыммен бірге барған кезде жерде қан іздері барын байқадық. Жиналған жұрт арасында бір адамның пышақ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілгені туралы ақпарат айтылды. Оқиға орнындағы деректерді жедел кезекшіге баяндап бердік», – деді Жәнібек Әмірақын.

Ол сондай-ақ сол түні күдікке ілінген көліктерді қалай анықтап, олардың бірінен Дарханды қалай танығанын да айтып берді.

«Іздеу барысында бірнеше көлікті тауып, сол маңдағы бір жігітті байқап, әріптесіммен бірге тоқтаттық. Ол төбелес болғанын мойындап, оқиға орнына қатысы барын айтты. Кейін оның Дархан Әскентай екені анықталды. Бір кездері сыныптас болғанымыз рас, бірақ оны бірден тану қиын болды – көзі ісіп кеткен, түн қараңғы, ішімдік иісі аңқып тұрды», – деп сипаттады полицей.

Айта кетейік, бұл қылмыстық іс қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. 3 қазан күні Талғарда болған жанжал кезінде жасөспірім Шерзат Болат пышақ жарақатынан көз жұмған болатын. Қазір бұл іске қатысы бар бірнеше адамға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow