«Шетел агенті» туралы заң қабылдатқысы келетін депутаттың өзі «Сорос қорымен» жұмыс істеген болып шықты

Ақпан 13, 2025 - 10:43
«Шетел агенті» туралы заң қабылдатқысы келетін депутаттың өзі «Сорос қорымен» жұмыс істеген болып шықты

«Шетел агенті» туралы заң қабылдатқысы келетін депутаттың өзі «Сорос қорымен» жұмыс істеген болып шықты,деп хабарлады sadaq.kz ақпарат порталы.

Кейбір ақпарат құралдары тура Ресей секілді «Шетел агенті» туралы заң қабылдау қажет» деп мәселе көтерген мәңгілік депутат Смирнованың кезінде шетелдік ұйымдармен жұмыс істегенін әшкерелеп жатыр.

Әшкере телеграм-арнасының жазуынша,  Ирина Смирнова осыдан тура төрт жыл бұрын «Сорос-Қазақстан» қорымен қоян-қолтық жұмыс істеген. 
Әрі осы қормен он жылдан астам уақыт жұмыс жасағанын мақтаныш көретінін айтқан.

«Сорос-Қазақстанмен» таныстығымның қаншалықты ұзаққа созылғанын ой елегінен өткіздім. Сөйтсем, бұл қордың өкілдерімен он жылдан астам уақыт бойы әріптес болып келіппін. Ол кезде мен Алматыда мектеп басқардым, сондай-ақ "Ар-Намыс" атты мұғалімдер бірлестігінің филиалына жетекшілік еттік. Шамасы, 2008–2010 жылдар болуы керек. Дәл сол уақытта маған "Сорос-Қазақстан" қорының моральдық қолдауы көп көмек болды...», - деп Смирнова ханым ағынан жарылған.

«Смирнова мұнымен шектелмей өзінің «толысқан азамат болып қалыптасуына Сорос қорының септігі тигенін» мойындайды» , деп жазған аталмыш дерек көзі.  

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова «шетел агенті» туралы заң дайындау туралы бастама көтерген еді.
Смирнова ханымның ойынша бұл USAID сияқты күдікті ұйымдардан қорғайды. Себебі мұндай сырттан қаржыланатын ұйымдар толеранттылық пен сөз бостандығын желеу етіп, бөгде елдің саяси ықпалын тықпалап жатыр.

Осылай деп атап өткен депутат жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың жағдайын қайта қарап, «БАҚ-ты қолдау», «адам құқығы», «толеранттықты арттыру» дегенді желеу етіп жүргендерді тексеруге шақырды. Сондай-ақ Қазақстанда бірқатар елдердегі сияқты заң қабылдауды ұсынды.

«Қазақстанға бұл тәжірибені қолдап, ел азаматтары ақпаратты бағалап, салыстыра алуы үшін оның дереккөзін білетіндей кез келген құрылымды нақты белгілейтін ұлттық заңнама дайындау қажет екеніне сенімдімін. Бұл ретте гуманитарлық және ғылыми ұйымдарға бірқатар ерекшелік белгілеу қажет. Мұндай амал ұлттық мүддені қорғауға мүмкіндік береді, салауатты азаматтық қоғамды қудалауға және оның дамуын бәсеңдетуге жеткізбейді», - деді Смирнова.

Смирнова «шетел агенті» туралы заң Израильде, Қытайда, Австралияда, Ұлыбританияда, Францияда, АҚШ-та бар екенін айтты.
Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында мәжілісмен АҚШ талқылап жатқан USAID агенттігі, «Азаттық» пен «Америка дауысы» радиоларын мысал еткен. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow