Сот Әлия Назарбаеваның бұрынғы күйеуін банкрот деп танудан бас тартты

Сәуір 30, 2025 - 15:30
Сәуір 30, 2025 - 16:05
Сот Әлия Назарбаеваның бұрынғы күйеуін банкрот деп танудан бас тартты

Астана қалалық соты Әлия Назарбаеваның бұрынғы күйеуі Данияр Хасеновтың өзін банкрот деп тану туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Nege.kz порталының мәліметінше, мұндай шешімнің қабылдануына оның мүліктік жағдайы мен табыстары туралы толық әрі нақты ақпараттың болмауы себеп болған.

Іс материалдарына қарасақ, Хасеновтың «Мәселелі несие қоры» АҚ алдындағы қарызы 23,8 млрд теңге болды. Бұл қарыз 2003 жылы «Казкоммерцбанк» пен «АзияПромСбыт» ЖШС арасында жасалған несие келісімі нәтижесінде туындаған. Хасенов бұл келісім бойынша кепілгер болған.

Қаржылық басқарушының мәліметінше, борышкердің атына тіркелген ешқандай мүлік жоқ және оның орташа айлық табысы нөл теңге. Алайда, Хасенов бірнеше компанияның тең иесі ретінде тіркелген:

«Petroleum Invest Corporation» (65%),
 «Империал Инвест Корпорациясы» (90%),
«Біріккен технологиялар мен қаржы» (50%) 
 «Мегаспорт» футбол клубы (50%).
Сот «Petroleum Invest Corporation» ЖШС 2024 жылы 9,5 млн теңге салық төлегенін, ал қалған компаниялар банкрот болмағанын немесе жойылмағанын  ескере отырып, Хасеновтың нақты қаржылық жағдайы жасырылған деген тұжырымға келді.

Судья борышкердің адалдық танытпағанын атап өтіп, оның қарыздарын өтеуге ешқандай нақты әрекет жасамағанын айтты. Сонымен қатар, жұмыссыздық себебі ретінде денсаулық жағдайы немесе басқа объективті факторлар емес, Хасеновтың жеке таңдауы болғаны анықталған.

Данияр Хасенов – бұрын футболшы болған, әрі «ҚТЖ» ұлттық компаниясының экс-топ-менеджері. Әлия Назарбаева екеуінің ортақ балалары бар.

Еске сала кетейік, экс-президент Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева 2024 жылдың қараша айында Димаш Досановпен ажырасқан еді.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow