Сіздерге тағы бір нәрсе айтайын. Тым ақылгөйсіп кетті деп сөкпессіздер. Мен өткендегі Тоқаевтың тілге қатысты айтқанына тоқталсам деп едім.
Біз Украинамен тағдырласпыз деп жиі айтамыз. Ол рас. Аштықты да, репрессияны да, Кеңес Одағының тепкісін де, жерлерімізге қол сұққан кездерін де бірдей көрдік. Ал енді сол Украинадағы соғыс неден басталды? Олар әсіресе соңғы 20 жылда орыс тілін барлық мектептерден алып тастап, қолдану аясын барынша қыса бастады. Ол тенденцияны Ющенко,
Порошенко сияқты президенттері де қолдады. Сол ресми биліктің ашық түрде қолдауы үлкен қателік болды. РФ соны сылтау етіп пайдаланып кетті. Енді қазір дәл сол сценарийді Ресей бізде ойнатпақ. Оны Ресейдің кей саясаткерлері мен пропагандистерінің риторикасынан анық байқап жүрген шығарсыздар. Сыныққа сылтау іздеп жүр . Соның алдын алып, Украинаның кебінін кимес үшін Тоқаев Президент ретінде Порошенко мен Ющенконың қателігін қайталамауға тырысып бағуда. Тым құрығанда ресми билік солай сөйлеуге әзір мәжбүр. Сөйлей берсін. Ол сіздерге қаратып айтылған сөз деп ұқпау керек. Бұл жерде мына астарлы моментті ескерген жөн. Президент қанша жерден солай сөйлесе де, бұл тәрізді мәлімдемелерді әдейі ешбір заңмен бекітпей отыр. Негіздемесі жоқ. Реттелмеген. Демек заң жүзінде орындалатын талап емес. Бұл Ресейге себеп бермеудің амалы. Ертең РФ бір нәрсе десе, басқа ел лидерлерінің көзінше Тоқаевқа "ау, мен президент ретінде, барлық мінберлерден қорғап жүрмін ғой орыс тілін, маған нендей өкпең бар?" деуге жақсы. Оны басқа елдер де ескереді. РФ болса аргументсіз қалады. Бұны бір деңіз.
Екіншіден бүгінде елдің қазақылану механизмі әбден қарқын алған процесс және оны енді тоқтату мүмкін емес. Қазақ бүгінде ел ішінде ең тез өсіп жатқан халық. Бүгін 73% болса, он жылдан кейін 83% болады. Тағы он жылдан соң 90% болады. Патриоттық көңіл күйлер де әсіресе жастар арасында жоғары деңгейде.
Оның үстіне жергілікті орыстар бүгінде біртіндеп қазақ мәдениетіне, салт-дәстүріне, тіліне қызығушылық таныта бастады. Әрине, ол ең алдымен халықтың арқасы және Димаш Құдайберген, "Туран" ансамблі сияқты өнер адамдары, түрлі ақпарат көздерін қазақ тілді контенпен толтырып жүрген азаматтар өз сүбелі үлесін қосып жүр. Қазақ тілді контенттің еселеп өсіп жатқанын You Tube, Фейсбук, Инстаграм, тіпті жасанды интеллекттің ресми есептері растап отыр. Бүгінде елде қазақ тілін үйрететін курстар мыңдап ашылып жатыр. Оны да байқап жүрген боларсыздар. Ал олар неге көбейді? Демек сұраныс бар, клиент көп деген сөз. Пайда болмаса ашпас еді. Олардан бөтен Шавхат Рахманов, "әкем орыс, шешем корей, мен қазақпын" дейтін Головкин, Ангелина Лукас сияқты спортшыларды, түрлі қызықты қазақи видео түсіріп, оларды қызықтырып жүрген белсенділерді, қазақша сөйлейтін орыстарды қосыңыз. Билік те осындай сапалы үгіт-насихатқа кедергі болмағанымен-ақ көмектесуде.
Бір сөзбен айтқанда "қазақ тілі үшін жағадан алып, кеңірдек жыртысатын дәуір өтті. Онымен тілді сыйлата алмайтынымызға да көз жетті. Тек жұмсақ күшпен көндіріңдер" деген астар жатыр президенттің ол сөздерінде. Расымен де, ұрыс-керіспен, дау-жанжалмен қазақ тіліне деген құрметті сіңіре алмайсың орысқа. Біз олардан әлдеқайда білімді болсақ, олардан талантты болсақ, әр салада оларға қарағанда ісіміз өрге домалап тұрса, жастарымыз беделді әрі мықты болса орыстар өздері-ақ еліктейтін, жақындасатын болады. Ал жаңағыдай сөздер қазаққа емес, көршілерге қаратып "қызым саған айтам, келінім сен тыңда" дегендей нәрсе. Әрі олардың басшылығын соғысты бастау үшін қажет болып тұрған аргументтерден айыру үшін жасалған қадамдар. Оған бола қапа болмаңдар. Жоғарыда айтқанымдай елдің қазақылану процесін енді тоқтату мүмкін емес.
Тек салиқалы болайық.
Журналист-жазушы Мұхтар Түменбайдың
facebook парақшасынан