Трамп Путинге 50 күн уақыт берді

Дүйсенбі, 14 шілде күні Ақ үйде НАТО бас хатшысы Марк Рюттемен кездескенде АҚШ президенті Дональд Трамп егер Ресей 50 күн ішінде Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде келісімге келмесе, онда Мәскеуге және оның сауда серіктестеріне қарсы "өте қатаң" кедендік баж салығы енгізілетін болады деп мәлімдеді.
Трамп баж салығының мөлшері 100 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтты. Қазіргі уақытта Сенатта Ресейден энергия ресурстарын сатып алатын оның сауда серіктестеріне 500% мөлшерінде баж салығын енгізу туралы заң жобасы талқыланып жатыр.
АҚШ президенті келісімге қол жеткізіледі деп үміттенетінін айтты. Трамп сауданы соғысты тоқтатудың тиімді құралы деп атады.
Бұған қоса, АҚШ президенті Вашингтон мен оның серіктестері НАТО құрамындағы еуропалық елдер есебінен Украинаға қару-жарақ жеткізу жөнінде келісімге келгенін хабарлады. Оның сөзінше, Украинаға АҚШ қаруын жеткізуді НАТО үйлестіретін болады.
"Біз қару шығарамыз, бірақ ол үшін біз емес, олар - Еуропа елдері төлейді", - деді Трамп.
Рюттемен кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында президент Трамп қару-жарақ жақын уақытта жеткізілетін болады және "қақтығыс жүріп жатқан аймақтарға тікелей" жіберіледі деді. Ол миллиардтаған доллардың қаруы жеткізілетінін мәлімдеді.
АҚШ президенті Украинаға қосымша Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін берілетінін және олар "өте тез" жеткізілетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай жүйелердің саны 17-ге дейін жетуі мүмкін. Ашық деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта Украинаға кемінде 7 Patriot жүйесі жеткізілген.
Рютте Украинаға әуе шабуылынан қорғану жүйелері ғана емес, басқа да қару түрлерін жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті. Бұған дейін БАҚ Украинаға алыс қашықтағы нысаналарға жететін зымырандар беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр деп жазған еді.
Бұған қоса Рютте егер Ресей президенті Владимир Путиннің орнында болсам, бейбіт келіссөзге тез келісер едім, деп мәлімдеді.
АҚШ президенті Ресейдің Украинаға қатысты іс-әрекетіне көңілі толмайтынын тағы да қайталады. Ол осыдан екі ай бұрын бейбіт келісімге қол қойылады деп үміттенгенін айтты. Трамптың сөзінше, Вашингтон бірнеше рет "бейбіт келісім жақын қалды" деген сенім болған, бірақ шынайы жағдай мүлде басқаша болып шыққан.
Трамп Ресей президенті Владимир Путин телефонмен сөйлескенде "жылы-жұмсақ әңгіме" айтып, бірақ содан кейін "Киевке зымырандар ұша бастайтынын" тағы да қайталады. Оның сөзінше, бос әңгіменің уақыты аяқталып, нақты әрекеттер басталуға тиіс. Сонымен бірге Трамп Путин "адал келісім" дегеннің не екенін түсінеді және АҚШ президентін алдай алмайды деп ойлайтынын, түптің түбінде бейбіт келісім жасалады деп есептейтінін айтты.
Дүйсенбі күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Дональд Трамппен телефонмен сөйлескенін Telegram желісінде жазды. Ол екеуара болған әңгімені "өте жақсы" деп сипаттап, Трампқа "Украинаны қолдауға" және тұрақты әрі әділетті бейбітшілікке қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын болғаны үшін алғысын айтты. Зеленский Трамп екеуі "Ресей шабуылдарынан халықты жақсырақ қорғауға және біздің позицияларымызды нығайтуға қажетті әдістер мен шешімдерді" талқылағанын жазды.
Ақ үй бұл әңгіме жөнінде әзірге түсініктеме берген жоқ.
Биыл сәуір айында Украина ешқандай алдын ала шартсыз атысты тоқтату туралы келісімге келуге дайын екенін мәлімдеген еді, бірақ Ресей билігі іс жүзінде ол ұсынысты кері қағып, соғыс қимылдарын тоқтатпай-ақ келіссөз жүргізуді ұсынған.
Түркияның Стамбұл қаласында екі кезеңмен өткен келіссөз нәтижесінде Украина мен Ресей тұтқындар мен қаза тапқандарды алмасу бойынша келісімге қол жеткізгенімен, атысты тоқтату туралы келісім жасалған жоқ. Келіссөздердің жаңа кезеңі қашан өтетіні, тіпті өте ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. НАТО бас хатшысы Рютте президент Трамппен кездесуде Ресей келіссөздерге жоғары деңгейдегі делегация жібермей, оның орнына "Ресей тарихын 1250 жылдан бастап тарқатып жүрген әлдебір тарихшыны" жұмсағанын айтты. Ол Ресей президентінің көмекшісі, тарих жөнінде бірқатар кітап пен мектеп оқулықтарының авторы Владимир Мединскийді меңзеп отыр.
Бұған дейін Мәскеу атысты тоқтатып, бейбіт келісімге келу үшін бірнеше шарт қойған. Олардың арасында Ресей талап етіп отырған Украинаның төрт облысынан украин әскері шығарылсын деген талап та бар.
Трамптың кейінгі жасаған мәлімдемесіне Мәскеу әзірге ресми жауап қатқан жоқ.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас Трамптың Ресейге қатысты қатаң ұстанымын "өте оң қадам" деп бағалады, алайда соғысты аяқтауға берілген 50 күн уақыт "өте ұзақ" екенін, Ресейдің іс-әрекеті салдарынан күнде бейбіт тұрғындар қаза тауып жатқанын айтты.
Сіздің реакцияңыз қандай?






