«Ұлдарын ұрып жатқан видеолары бар»: Өртенген полицейдің бұрынғы әріптесі мәлімдеме жасады
Алматы облысында өртенген күйі табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі марқұмның қандай адам болғанын айтып берді, деп хабарлайды Sadaq.kz сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап.
"Ең әуелі, оқиға туралы мәліметті көргенде, өлтірілген адамның Аслан екенін бірден түсінбедім. Өйткені біз оны ешқашан атымен атай бермейтінбіз. Қаладағы әріптестер арасында оны көбіне "Басар" немесе "Слепой" деп атайтынбыз. Өзі де өзін үнемі "Слепоймын" деп таныстыратын. Неге дәл солай аталғанын білмеймін, жай ғана солай қалыптасқан. Пәтер ұрлығы істерін ашуда ол нағыз кәсіби маман еді, қылмыскерлерді ұстауда өте мықты еді. Қаладағы ең тәжірибелі жедел уәкілдердің бірі саналды, ұсталған күдіктілердің саны да көп еді. Оған бірнеше рет қастандық жасалды. Пышақтаған, оқ атқан, жақ сүйегін сындырған, мұрнын сындырған жағдайлар болған", – дейді Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі.
Жігердің сөзінше, қызметте Аслан Әлсеровті ешкім ашушаң немесе психологиялық тұрғыдан тұрақсыз адам ретінде танымаған. Керісінше, ол сабырлы, бес уақыт намазын оқитын, діндар азамат болған.
Сонымен бірге ол марқұмның балаларына өте талапшыл әке болғанын айтады. Балалардың күн тәртібі қатаң сақталып, сабақтан кейін күрес, дзюдо және джиу-джитсу секцияларына қатысып жүрген. Егер жаттығудан қалса, әкесі оған қатты мән беретін көрінеді.
«Оны озбыр әке болды деп айта алмаймын. Бұл оқиға мен үшін де күтпеген жағдай болды. Қызметте жүргенде оны әрдайым сабырлы, ұстамды адам ретінде көрдік», – дейді ол.
Сонымен қатар бұрынғы әріптесі қайғылы оқиғаға отбасындағы жанжал себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, жанжал кезінде балалар анасын қорғауға тырысқан болуы ықтимал.
«Мен Асланды кәсіби маман әрі сабырлы адам ретінде білдім. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсететін адамдардың көбі мұны сырт көзге байқатпайды. Сондықтан айналасындағылар оларды үлгілі отбасы деп қабылдауы мүмкін», – деді Жігер.
Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарындағы медициналық және психологиялық іріктеу жүйесіне қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазіргі психологиялық тестілеу адамның нақты психикалық жағдайын толық бағалай алмайды.
«Кәсіби-психологиялық іріктеу кезінде бір сұрақ әртүрлі формада бірнеше рет қойылады. Мұндай тест адамның шынайы психологиялық жағдайын толық көрсете бермейді. Сондықтан оған толықтай сенуге болмайды», – дейді бұрынғы полицей.
Экс-полицейдің пікірінше, бұл жағдайда үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының таңдалуына күдіктілердің бірі кәмелетке толмағаны және оларға GPS-бақылау құрылғыларының тағылуы ықпал еткен болуы мүмкін. Сондай-ақ ол отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларын дәлелдейтін видеолардың барын естіген.
"Бірақ мен мұны растамаймын және өз көзіммен көрген жоқпын. Айтуларынша, жарыстарда жеңіліп қалғаны үшін ұлдарын ұрып жатқан видеолары бар екен. Ол өте жақсы жігіт еді. Не болғанын білмеймін, мүмкін, бір нәрсе шегіне жеткен шығар", – дейді Аслан Әлсеров.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0