Жаңа жыл қазаққа қажет пе?
Жаңа жыл қарсаңында Қазақстанда Аяз ата мен Ақшақардың қызметі қымбаттайды. Сарапшылардың мәліметінше, олардың өнер көрсету бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10-15%-ға өскен. Бағаның өсу себептері: Киімдер мен реквизиттерге шығынның көбеюі, жеке бағдарламаларға сұраныстың артуы, инфляция және экономикалық өзгерістер. Мunar-media.kz басылымының жазуынша, бағалар іс-шараның уақыты мен форматына байланысты өзгереді. Мысалы, үйге келіп құттықтау корпоративтегі өнер көрсетуден арзанырақ. Бағаның өсуіне қарамастан, Аяз ата мен Ақшақардың қызметіне деген сұраныс жоғары болып отыр. Көптеген отбасы балаларына ұмытылмас мереке сыйлау үшін ертегі кейіпкерлерінің келуін алдын ала брондап жатыр.
Кеңес Одағында санамызға жақсылап тұрып сіңірген «Жаңа жыл», «Аяз ата» ұғымдары санамызға сіңгені сонша тәуелсіздік алып, қазақи салт-санамызға, дініміз бен тілімізге көшейік десек те қыр соңымыздан қалмай келеді. Тәуелсіздік мерекесінен бұрын шырша тігіп тастайтын біздің әкімдер де балалық шағын сағына ма? Әйтеуір тәуелсіздік күнін бір сағатта апыл-ғұпыл өткізе салып, шырша айналып жүгіріп жүреді.
Мекемелер Аяз ата мен Ақшақарды жалдып, мұрны қызыл алқаш атасына тақпақ айтып беріп, тәтті алу дәстүрін қуанышпен қабылдайды. Онысы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, жас ұрпағымыз ешқандай Аяз атаның жоқ екенін білсе де үндемей қарсы алады. Біз технология дамымаған ертегімен сусындап өскен ұрпақ болғандықтан Аяз атаның барына шынымен сеніп қалды. Оған кінәліміз. Ол шалды бір жыл бойы күтіп, оған хат жазып жүрген кезіміз еді. Қазір заманауи құрылғылар дамыған сайын, Аяз атаның ойдан шығарылған персонаж екенін, оның беріп жүрген подаркасын ата-аналары алып беретінін балалар біліп алғандықтан түк те қызық емес. Сонда осы 34 жылда жаңа жылда неге Қызыр атамыз шықпайды. Неге үй, үйді аралап бата бермейді. Қасына ұл немересі «Тазшаны» ертіп, ауыл үйді аралап, қамшы, тақия, орамал сыйлап кетсе қандай керемет еді. Бұл енді жаңа жылды тойламай қоймайтын халық болғандықтан Аяз атаны «Қызыр атаға», Ақшақарды «Тазша балаға» ауыстыру идеясы ғой. Ұсыныс. Хош делік, бір ғана ай қалған «казахтар» мен «өзге ұлттар» ерекше тойлайтын «Жаңа жылда» жылтырақтар мен атылатын отшашуларға халық миллиондап қаржы жұмсайды. Ертеңінде оянсаң өзгерген ештеңе жоқ. Сол баяғы күн. Алдағы уақытта руханиятымыз дамып, халқымыз ұлттық қасиетін қайтарған кезде жаңа жылдан да құтылар күн туар деген сенімдеміз. Ал сіздерге жаңа жыл қалай пайда болды дегенге аздаған мағлұмат бере кетейін.
Жаңа жылды тойлау шамамен біздің дәуірімізге дейін 3000 жылы алғаш рет Месопотамияда басталған. Көне замандағы адамдар Мадрук құдай зұлымдық пен өлімді жеңді деп санаған. Сол себепті Месопотамия халқы жақсылықтың жамандықты жойғанына қуанып, бірнеше ай бойы тойлайды. Әртүрлі карнавалдар, маскарадтар мен шерулер өткізеді. Мейрам кезінде жұмыс істеуге, жазалауға және сот шешімін шығаруға тыйым салынған.
Уақыт өте келе бұл дәстүрді мысырлықтар мен гректер жалғастырып, содан соң римдіктер мен өзге халықтарға тарай бастайды. Ежелгі Грекияда Жаңа жыл жазғы күн тоқырауы – 22 маусымда тойланып, шарап құдайы – Диониске арналған. Гректердің жыл санауы Олимпиада ойындарынан басталды.Көне заманда жаңа жыл қалай тойланды? Бірнеше ғасыр бойы Көне Мысырда шілде-қыркүйек айларында Ніл өзенінің арнасынан асуы аталып өткен. Осы бір аса маңызды кезең жаңа егін маусымының басталуын білдіретін. Ніл өзені суының киесі бар деп сенетін мысырлықтар Жаңа жылды тойлаған кезде Нілдің "қасиетті суын" құмыраларға құйып алатын болған. Ырым бойынша Нілдің суы ескі-құсқыны шайып жібереді. Сол кезден бастап жаңа жылда ән айтып, би билеу, мерекелік дастархан жайып, бір-біріне сыйлық жасау дәстүрі басталыпты. Жаңа жылдың басты кейіпкері – Аяз Ата жұрт ойлағандай кәрі емес. Шамамен 150 жыл бұрын Жаңа жыл символына айналыпты. Бастапқыда Аяз ата жалғыз жаңажылдық кейіпкер еді. 1873 жылы Александр Островский "Қаршақыз" пьесасын жазады. Сөйтіп, аппақ қардай сұлу қыз әуелі Аяз атаның туған қызы, кейінірек немересі болады. Неге бұлай өзгергенін түсіндіру қиын. Тағы бір жаңажылдық кейіпкер – Аққала – ХІХ ғасырда пайда болды. Сол замандағы аққала қазіргіден айнымайды: қардан жасалған үш шарды бірінің үстіне бірін қойып, басына шелек кигізеді, мұрнының орнына сәбіз тығып, қолына сыпыртқы ұстатқан.
Айтпақшы, Ресей Аяз атасына «Ертегі елінің еңбек сіңірген қайраткері» атағын беріпті. Біз «Қызыр ата», «Қожанасыр», «Тазша бала», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батырларға» қашан атақ береміз?
Сіздің реакцияңыз қандай?