«Жағдайлары мәз емес»: Салтанат Нүкенованың әке-шешесі соттағы суреттен кейін ауруханаға түсті
Салтанаттың әке-шешесі сотқа дейін бұл суреттерді көрмеген.
Марқұм Салтанат Нүкенованың ата-анасы Амангелді мен Жұмагүл Нүкеновалар сотта оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерді көріп, ауырып қалған. Қазіргі кезде ауруханада жатыр екен. Бұл туралы зардап шегуші тараптың мүддесін қорғап жүрген адвокат Жанна Уразбахова айтты, деп хабарлады Qaz365.kz.
«Салтанаттың әке-шешесі сотқа дейін бұл суреттерді көрмеген еді. Осыдан кейін қатты қабылдап, ауруханаға түсіп қалды. Жағдайлары мәз емес. Сондықтан соңғы сот отырыстарына келе алмай жүр. Ал Қуандық Бишімбаев болса, дәретханаға қалай құлатқанын, қабырғаға қалай құлағанын салқынқандылық айтып тұр. Унитаз, қабырға, еден – бәрі кінәлі, бірақ ол емес. Сондықтан біз айыптаушы тараптың нұсқасын талап етеміз. Біз бұл кісі өлтіру деп санаймыз», – дейді Жанна Уразбахова.
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Оған «қинау» (110-баптың 2-бөлігі) және «аса қатігездікпен адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша «қылмысты жасырды» деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
Сіздің реакцияңыз қандай?