Жемқорларға рақымшылық жасалмайды

Мәжілісте «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы қаралып жатыр.

Маусым 11, 2025 - 10:31
Жемқорларға рақымшылық жасалмайды

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы қаралып жатыр.

 Құжатты Парламенттің бір топ депутаты әзірледі. Бұл - қателік жасаған, бірақ өкініп, өзінің түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісінің кезекті көрініс.

Заң жобасында азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:

қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды,
залал келтіруге алып келмеген немесе оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды,
залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату ескерілген.
- Екіншіден, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар осы Заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істерді, оның ішінде соттарда қаралмаған қылмыстық істерді тоқтату қарастырылған. Үгіншіден, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделген, - деді депутат Абзал Құспан.

Бұдан бөлек, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденгені немесе талан-таражға салғаны, сондай-ақ алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдарға қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды және оларға қойылған талап-арызды толық өтеген жағдайда, негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдерін немесе мөлшерін бестен бір бөлігіне қысқарту ескерілген.

Атап айтқанда, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу секілді қылмыстық құқық бұзушылықтардың қылмыстық сипат берілген жаңа құрамдарына, мемлекеттік құпияларды заңсыз жария етуге байланысты қылмыстарға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылықты қолдануда шектеуді белгілеу ұсынылды.

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow