Жетісу облысында 20 медицина қызметкері лицензиясыз жұмыс істеген
Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Жетісу облысында бірнеше медицина ұйымында қызметкерлердің құжатсыз жұмыс істегені анықталып, 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Каратал ауданының денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуге қажетті сертификаттары мен лицензиялар болмаған.
Тексеру қорытындысы бойынша:
- 20 қызметкер әкімшілік жауапқа тартылды
- Олардың ішінде 3 басшы бар: орталық аурухананың бас дәрігері және оның екі орынбасары
- Жалпы салынған айыппұл көлемі 4 049 960 теңге
Бұл – денсаулық сақтау саласындағы бақылаудың әлсіреуін көрсететін елеулі құқықбұзушылық.
Прокуратура тексеріс барысында халықты вакцинациялау тәртібінің бұзылғанын да анықтады.
Осыған байланысты 4 жауапты тұлға – ауылдық ауруханалардың меңгерушілері, ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 157 280 теңге айыппұл төлейтін болды.
Тексеру нәтижесінде құқықтары бұзылған 148 адамға, оның ішінде 100-ден астам кәмелетке толмағанға қатысты шаралар қабылданды.
Сонымен қатар 12,8 млн теңге бюджетке қайтарылды.
Прокуратураның мәліметінше, «заң талаптарының өрескел бұзылуы тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді».
Сондықтан өңірдегі медицина мекемелеріне қатысты бақылау күшейтілмек.
Сіздің реакцияңыз қандай?