«Қорыққан итті көлік басып кеткен»: Отшашулар не себепті үй жануарлары үшін қауіпті
Қазақстандық әйелдің иті саябақта атылған отшашудан қорқып қашып кеткен. Иесі қатты қорыққан итті ұстай алмай, ақырында ол жолға шыққанда көлік басып кетеді. Осы тұста Stan.kz тілшісі зооқорғаушы Айгүл Имбергенова жануарлардың отшашу атылған кезде қандай күйде болатынын сұрап білді.
Әлеуметтік желіде журналист Лаура Түсіпбекованың айтуынша, құрбысының иті саябақта қыдырып жүргенде әлдекімдер отшашу атқаннан кейін жоғалып кеткен. Өкінішке қарай, кейін ит жолға шығып, оны көлік қағып кеткен.
"Құрбым итінен осылай айырылып қалды. Ол итімен бірге саябақта серуендеп жүрген. Сол жерде біреулер бірнәрсені атап өтіп жатқан болу керек. Әрине, отшашусыз, петардаларсыз болмайды ғой... Ит қорыққанынан жүгіріп кеткен. Жолға шыққаны сол еді, оны көлік қағып кетті. Құрбымның айтуынша, отшашулардың алғашқы дауысы естілгенде ит бір сәтте есінен айырылғандай болған. Қорыққаны соншалық сол жерден лезде қашып кеткен. Құрбым оның соңынан жүгірсе де, 5 метрден артық жақындай алмаған. Сіздер елестетіп көріңіздерші, жануар қандай психологиялық соққы алды?" – деп жазды журналист желіде.
Лаура Түсіпбекова бір Жаңа жыл түнінде терезеден сыртқа қарап отырып, аз ғана топ құс осы дыбыстардан, отшашулардан есінен адасқанын көргенін айтады.
"Құстар бір сәтте бағдарынан айырылды. Бейберекет ұша бастады. Бір-біріне және ағаштарға соғылды. Адамдар, осының сіздерге қажеті не? Бұл керегі жоқ нәрсе. Бұл жануарлардың да, адамдардың да тыныштығын бұзады. Сіздер үшін де қауіпсіз емес. Бірде көршілерімнің балконына петарда түсіп, өрт шықты", – деді Лаура Түсіпбекова.
Сондай-ақ зооқорғаушы Айгүл Имбергенова жарылыстардан жануарлар жиі өлетінін айтады. Оның айтуынша, егер мүмкіндік болса, мұның бәрін мүлдем тыйған дұрыс. Бұл экологияға да үлкен зиян келтіреді дейді ол.
"Содан кейін 1 қаңтарда айналаға қарасаңыз, қоқыстың, ластықтың қаншалықты көп екенін көресіз. Мұның бәрі не үшін керек? Көп жануар, әсіресе 31 желтоқсанда және 1 қаңтарда үйлерінен қашып кетеді. Біздің еріктілер осы уақытта жануарларды іздеп, желі хабарламаларға толы болады. Иттерді не үшін көшеге алып шығады, түсінбеймін. Қаланың өзінде 100-200 ит қашып кетеді. Әр Жаңа жылда бірдей жағдай қайталанады. Сол күні интернетті ашсаңыз, "итім қашып кетті" деген хабарламалар толып тұрады. Барлық ерікті мен панажайлар "отшашу атпаңыздар, иттеріңізді байлауда ұстаңыздар, көшеге алып шықпаңыздар" деп ескертеді. Бірақ бәрібір адамдар тыңдамайды", – деді Айгүл Имбергенова.
Зооқорғаушының сөзінше, иттер бұл кезде қатты қорыққанынан күйзеліске түседі.
"Менің итім де қатты қорқады. Біз отшашу екенін түсінеміз, ал олар үшін бұл жойқын жарылыс. Мұның бәрі жануарлар үшін үлкен стресс. Тыйым салатын уақыт жетті деп ойлаймын. Менің бір құрбым бар, оның иті бар. Жаңа жыл сайын итін құшақтап, ваннада ұйықтайды. Итім де қатты қорқады. Осы жазда біреу петарда жарған. Сол кезде итім бірден үйге қарай қашып кірді. Ол 40 келі салмақтағы үлкен ит болса да, бәрібір зәресі шығады", – деді зооқорғаушы.
Мысықтар да көшеде қорқып, жасырынатын жер іздейді. Әдетте, олар жертөлелерге тығылады дейді Айгүл Имбергенова.
"Бұл мәселені терең зерттемедім. Дегенмен маған бұл жануарлардың инстинктивті қорқынышы сияқты көрінеді. Иттер жарылыстың не екенін түсінбейді. Біз жақында бір пост жарияладық, онда мұндай жарылыстардан жануарлар ғана емес, соғыс көрген адамдар да қатты қорқатыны жазылған. Олар бірден қорқып, тағы да жарылыстар басталды деп ойлап, жерге жатады. Бұл – барлық тіршілік иесіне үлкен стресс. Жануарларды бұдан қорғау үшін әрекет ету керек”, – деп түйіндеді Айгүл Имбергенова.
Сіздің реакцияңыз қандай?