Қызылордада 16 жастағы қызды жезөкшелікке мәжбүрлеген: күдіктіге сот үкімі шықты

Желтоқсан 13, 2024 - 14:58
Қызылордада 16 жастағы қызды жезөкшелікке мәжбүрлеген: күдіктіге сот үкімі шықты

Қызылорда облысында 16 жастағы қызды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген күдіктіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сотталушы К.-ға қатысты қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігі 2-тармағына (Кәмелетке толмаған азаматты жезөкшелікпен айналысуға тарту) сәйкес, сондай-ақ қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) қылмыстық іс қаралды.

Айыпталушы жәбірленушінің кәмелет жасқа толмағанын біле тұра, бопсалау арқылы оны бірнеше рет жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар бірнеше рет жәбірленушілер К., О., К.Г., Д.-лардың сеніміне қиянат жасап, жер телімдерін бір мезгілде бірнеше тұлғаға сатқан. Тіпті облыстың жергілікті атқарушы органдарына жұмысқа орналастыруға байланысты алаяқтық әрекеттерге барған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер өз кезегінде прокурордың бұл шешімімен келісті. 

Сотталушының адвокаты айыпталушыны қылмыстық кодекстің 134-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша ақтап, алаяқтық фактісі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрады.

“Сотталушының кінәсі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысымен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау және беттестіру хаттамаларымен дәлелденді. Сот қылмыскердің кішкентай балаларының барын және бұрын-соңды сотты болмағанын ескеріп, мұны жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды. Қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сотталушы қылмыстық кодекстің 134-бабтың 3-бөлігі 2-тармағында және 190-бабтың 3-бөлігі 4-тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды”, – делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кету керек, қазір облыс соттарының өндірісінде осы жоғарыда аталған кәмелетке толмаған адам жәбірленуші ретінде танылған қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-тармағы (Жеңгетайлық) бойынша 2 іс, қылмыстық кодекстің  299-бабы 3-тармағы (Есірткі, психотроптық заттарды тұтынуға көндіру) бойынша 1 іс бар

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow