2022 жыл халықтың санасын оятқан межелі жыл болды - Мәулен Әшімбаев

Маусым 20, 2025 - 12:08
2022 жыл халықтың санасын оятқан межелі жыл болды - Мәулен Әшімбаев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев "Túrkistan" халықаралық газетінде жарық көрген "Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы" атты мақаласында өткенге үңіліп, 2022 жылы еліміз жеткен жетістіктерге тоқтала кетті, - деп жазады sadaq.kz.

"2022 жыл еліміз үшін халықтың санасын оятқан, ұлттың бірегейлігін қалыптастыру про­цесін жандандырып, жаңа бағыт-бағдар берген межелі жыл болды. Цифрлық дәуірдегі геосаяси сын-қатер көбейген осынау уақытта ұлтты біріктіретін тұрақты және саналы біре­гейлікті сақтап, нығайту жеткіліксіз еке­ні анық. Сондықтан бірнеше қадам алда жүру және ХХІ ғасырда ұлтты жаһандық гео­саяси аренада бәсекеге қабілетті ететін құн­дылықтарды қалыптастыруды қазірдің өзінде бастау аса маңызды. Бұл – Қазақ­стан­ның әлемнің болашақ саяси картасынан ала­тын орнына тікелей қатысты мәселе.
Бүгінде Қазақстан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жан-жақты ойластырылған және жүйелі қадамдарының арқасында өзінің әлемдегі лайықты орнын иеленді. Сондықтан біз әлі де айналасында дау-жанжал белең алған ортада бейбітшілік мекені болып қалып отыр­мыз. Біздің жауымыз жоқ, өз көзқара­сымыз бен мүддемізді сақтай отырып, бәрі­мен достық қарым-қатынас орнаттық. Өзі­мізді Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы жаңа Жібек жолының маңызды логис­тика­лық тармағы ретінде таныта алдық. Ресей, Қытай және жаһандық Оңтүстік сияқты гео­саяси алыптардың ортасында өзіміздің бағ­дарымызды сақтап қана қоймай, маңыз­ды өңірлік күш ретінде дамып келеміз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның саяси ла­герьлерден тыс мультилатерализм саясатын ұстанатын орта держава ретіндегі мәртебесі ай­рықша маңызға ие. Сыртқы саяси бағдар­дың бұл өзгерісі туралы 2024 жылдың жа­зын­­да Еуропалық Одақтың сол кездегі Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі Жо­ғарғы өкілі Жозеп Боррель: «Бұрын Қа­зақ­стан периферияның орталығы саналатын еді. Ал ол қазір бәрінің нақ ортасына жай­ғасты», – деп пікір білдірген болатын.
Қазақстан көп елмен салыстырғанда, бү­кіл әлемді шарпыған бірегейлік дағда­ры­сынан шығатын жолды тапты. Кейбір мем­лекеттерде, оның ішінде әлемдік держава­лар­да бұл сын-қатерге жауап ретінде регресс, этностық ұлтшылдық, ксенофобияның өр­шуі, оңшыл радикализмнің белең алуы, өңір­лік және ұлттық деңгейде оқшаулану, со­лардың салдарынан кері кету байқалғаны жа­сырын емес. Ал Қазақстан ішкі этномә­дени интеграция арқылы, ешкімнің құқы­ғына нұқсан келтірмей әрі ассимиляция­лаудан бас тартып, ұлттық жаңғыруға ұмтыл­ды.
Қоғамдық санада болашақтағы ұлттық құн­дылық пен мәдени-ақыл-ой негізін қа­лыптастыру және бекіту – күн тәртібіміздегі өзек­ті мәселе. Оның тартымды болуы Қазақ­станның әрбір азаматына жаңа мүмкіндік беріп, ел брендінің шетелде бәсекеге қабі­лет­ті болуын қамтамасыз етер еді. Бұл – ХХІ ға­­сырда ұлттық идеяға айналуға лайық та­ри­хи ауқымдағы мақсат.
Мемлекет басшысы: «Ең алдымен, біз ұлт­­тың жаңа сапасын қалыптас­тыру­ға баса мән беруіміз керек. Сонымен бір­ге қоғамды алға жетелейтін құнды­лық­тар­ды қалыптас­тыру қажет. Халықтың біре­гейлігі мен қо­ғам­дық сананы жаңартпай тү­бегейлі өзге­ріс­терді жүзеге асыру мүмкін емес», – деп, жаңа құндылықтардың бұл үде­ріс­тегі рөлін ерекше атап көрсетті", - деді Сенат төрағасы. 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow