Ермұрат Бапи: Елдегі 100 мың студентті жатақханамен қамтамасыз ету – қазіргі экономикалық жағдайда мүмкін емес
Бүгін Алматы қаласында хостелде болған өрттен 13 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың тоғызы – Қазақстан азаматы болса, қалғаны шет ел азаматтары. Осы оқиғаға байланысты sadaqmedia Алматы қаласынан Мәжіліске сайланған депутат Ермұрат Бапиді сөзге тартты.
– Турасын айтсақ, бұл біріншіден, қастық немесе зұлымдықтан туған дүние емес. Өмірде неше түрлі оқыс жағдайлар болады. Бұл жайт орашолақтық, кемшілік болар, оқыс оқиғаның салдары деп қабылдау керек. Залалдан туған дүние емес деп ойлаймын. Бірақ, осының қорытындысын зерттей, бақылай келе, қалалық әкімшілік пен төтенше жағдайлар туралы ведомоствалар өздерінің бір шешімін шығару керек деп ойлаймын.
– Сіз оқыс жағдай деп отырсыз ғой. Бірақ, бұл жерде жемқорлық мәселесі жоқ деп ойлайсыз ба?
– Ол жекеменшік қонақ үй ғой. Жекеменшік жерде қандай жемқорлық болуы мүмкін. Білмеймін.
–Хостелдің бөлмелері жертөледе болмау керек қой?
– Енді, енді ондай жағдайда (жемқорлық) болуы мүмкін. Жертөледе адамдар тұратын мүмкіндік жоқ қой. Бақылаушы орган мен жекеменшік хостелдің қожайыны тергеліп, зерттеледі деп ойлаймын.
– Аталған хостел экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқаратын "Халық банктің" меншігінде деп жатыр. Бұл кездейсоқ жағдай ма?
– Менің ойымша, хостелді әлде бір компания "Халық банктен" несие алып, қарызын қайтармаған соң банктің меншігіне өткен болу керек. Әйтпесе, монстр банкке хостел ашып, пайда табудың аса қажеті жоқ. Шамасы кепілдікке қойылған ғимарат "Халық банкке" өткен болуы керек.
– Өртте Ресей және Өзбекстан азаматтары қаза тапты. Студенттердің хостелде жатуы әлеуметтік жағдаймызды төмендігімен байланысты емес пе?
– Жалпы хостел деген дүние әлемдік таным деңгейінде жаман емес. Яғни, әлеуметтік қонақ үй болып саналады. Шет елге барғанда өзім де хостелде жатқан кезім болған. Оның ешқандай да әбестігі жоқ. Оның хостел деген аты сұмырай секілді болып естіледі. Түптеп келгенде оған қолы жеткен адам барып, қонады.
– Үкімет жатахана мәселесін шешсе, мұндай қайғылы жағдай болмас па еді?
– Әрине қазір жатахана мәселесі көтеріліп жатыр. Жатахана тұрмақ халықтың баспана мәселесі шешілмей жатқан кезде, мұны тізеге салып, сұрақ қоятын мәселе емес. Біздің елде әлеуметтік мәселе көп. Оның бірі жатахана мәселесі. Студеннттер күзде оқуға келген уақытта пәтер таппай, вокзалға қонып жүретінін жақсы білеміз. Еліміздегі 100 мың студентті жатаханамен қамтамасыз ету – қазіргі экономикалық жағдайда мүмкін емес.
– Өртте шетел азаматтарының қаза болуы ел имиджіне әсер ете ме, қалай ойлайсыз?
– Өрт шыққан оқыс дүниеден елдің имиджі құлап кетеді деп ойламаймын. Оны мемлекеттік орган немесе мемлекеттік қызметкер өртеген жоқ қой. Аяқ астынан болған дүние. Сондықтан мұндай жағдай тұрмыста, өмірде болып тұратын жағдай. Әрине мемлекеттік билік тарапынан көңіл айтып, ол елдерге бір жауабын беру керек. Бірақ осыған бола біздің елдің имиджі етекке түсіп кетеді деп ойламаймын.
Сіздің реакцияңыз қандай?