«40 блогер, 30 джип жалдаған»: белгілі журналист Алматыға Ресей пропагандистері келе жатқанын айтып, дабыл қақты

Шілде 8, 2025 - 15:41
Шілде 8, 2025 - 15:42
«40 блогер, 30 джип жалдаған»: белгілі журналист Алматыға Ресей пропагандистері келе жатқанын айтып, дабыл қақты
«Бұға берсең сұға береді»: Шәмші Қалдаяқовтың гонорарын Ресей ала ма?
Әзірбайжан Ресеймен арадағы «мәңгі достығын» қайта қарап, Бакудегі «русский мирді» күйттеген «Русский дом» мен пропагандашы «Спутникті» жауып, жансыздарды қамап жатқан тұста Мәскеуден шыққан «достық керуені» Еуразияның жүрегін тесіп өткен жебедей Орта Азияға бағыт алды. 30 джипке мініп алған ресейлік 100 «маман» түркі жұртына бизнес, ғылым, өнер және мәдениет «үйретеді», «үйретіп» қана қоймайды, бірлескен жаңа жобалар ұсынады, келісімшарт жасайды. Жоба – «Путешествие в сердце Евразии» деп аталады. Жобаны «ТatNeft», «Росатом», «Wildberries», «Автоваз», «Нафтагаз», «Росконгресс» секілді ресейлік компаниялар қаржыландырып, 1 канал, ВГТРК, «Россия сегодня», НТВ, RT, «Спутник» ақпараттық қолдау білдіріп жатыр. Оған қоса бұл науқанға 40-тан астам орыстілді блогер жегілген. «Руский мирді» күйттеген жобаны Қазақстан үкіметінен Туризм және спорт министрлігі қолдапты.
«Достық керуені» 29-30 маусымда Алматыда болды. Интеллектуалды меншік құқығы бойынша халықаралық конференция өткізді. Гәп – мынада. Мысалы, «Кеден одағының» шарты бойынша, үлкен экономикасы мен ұзын шекарасы бар осы одаққа мүше ел баж салығының басым бөлігін иемденіп жүр. Ол – Ресей. Ресей «Кеден одағы» бойынша баждың 90 пайызға жуғын алып отыр. Ресейден шыққан «Достық керуені» интеллектуалды құқыққа байланысты да дәл осы «Кеден одағы» схемасын ұсынады. Айталық, Шәмші Қалдаяқовтың әндері Ресейде шырқалмайды, тек Қазақстанда ғана. Ұсынылған жаңа жоба бойынша, Ш.Қалдаяқовтың әндерін пайдаланған Қазақстандағы концерттік ұйымдар, мейрамханалар мен кафелер сазгердің гонорарын жергілікті авторлық құқық ұйымына емес, Ресейге жібереді. Содан кейін ғана Ресейдегі авторлық құқық ұйымы Ш.Қалдаяқовтың туыстарына тиесілі гонорарын береді. Бұл Қалдаяқовтарға ғана қатысты емес, өнердің барлық саласындағы қазақстандықтың авторлық құқығын қозғайтын мәселе.
Ресейлік жоба авторлары жағдайды былай түсінетін секілді: Орта Азияда, оған Қазақстан да кіреді, өнер туындысының көбі орыс тілінде, концерттерде, мейрамханаларда орысша мәтінге жазыған ән көп шырқалады екен. Сондықтан орысша шырқалған әннің авторлық гонорары да, басқа тілде шырқалғаны да Ресейге аударылады, содан кейін сол жақтан өзге елдің авторларына өздері «әділ» бөлмекші. Осылайша орыстілді авторларға артықшылық бермекші, Орта Азияда «русский мирді» дамытпақшы – бұл аз ұлттың өнері мен тілін қысымға алудың есебінен ғана іске асады.
Мені кейде бір ұшқары ой мазалайды. Қазақстанда қазақ тілі, қазақ өнері алда-жалда түкпірдегі ауыл қазағына ғана тән болып, ұлттың тілі ұмытыла бастағанда, керісінше түрлі саланың бәрінде орысша жазып, орысша сөйлегенде Ресей үкіметі орыс тілін мемлекет ісін пайдаланғаны үшін де Қазақстаннан ақы талап етуі мүмкін. Импершіл амбициясы асқынып кеткен Ресейден бәрін күтуге болады. «Бұға берсең сұға береді». Ал ресми Баку Әзірбайжанда орыс тілді мектептердің бәрін жауып жатыр. Олар «русский мирден» қатты қауіптенеді.
Журналист Ораз Әлімбектің facebook парақшасынан 

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow