Аустралияда Әлеуметтік желідегі 4,7 миллион баланың парақшасы жойылды

Қаңтар 16, 2026 - 20:25
Қаңтар 16, 2026 - 20:27
 0  2
Аустралияда Әлеуметтік желідегі 4,7 миллион баланың парақшасы жойылды
Сурет: freepik.com

Аустралия үкіметі әлемде алғаш рет енгізілген «16 жасқа дейінгілерге әлеуметтік желі пайдалануға тыйым салу» заңының алғашқы нәтижелерін жариялап, мұны «тарихи жеңіс» деп атады. Al Jazeera хабарлағандай, заң күшіне енгеннен бері цифрлық платформаларда 4,7 миллион жасөспірім парақшасы жойылған, деп хабарлайды Sadaq.kz. Бұл көрсеткіш мемлекеттің балалардың психикалық саулығын қорғау жолындағы батыл қадамының нәтижесі болып отыр.

Аустралия үкіметі технологиялық алпауыттарға қойған талабын қатаңдатып, жасөспірімдердің виртуалды әлемдегі қауіпті контентке қолжетімділігін толығымен шектеді. Нәтижесінде Instagram, TikTok және өзге де ірі платформалар жасы толмаған пайдаланушылардың деректерін тексеріп, миллиондаған аккаунтты жойып жіберді.

Егер бұрын жас мөлшерін көрсету формальды түрде болса, енді жүйе пайдаланушының жасын биометриялық деректер немесе мемлекеттік құжаттар арқылы растауды талап еткен. Ережені сақтамаған платформаларға астрономиялық мөлшерде айыппұл салынды, бұл оларды миллиондаған аккаунтты дереу өшіруге мәжбүрледі.

Байланыс министрі Мишель Роуландтың айтуынша, бұл көрсеткіш технологиялық алпауыттардың мемлекет талабына амалсыз бас игенін көрсетеді. Бұрын жас мөлшерін жасырып, жалған дерекпен тіркелу оңай болса, қазір жасанды интеллект пен биометриялық сүзгілер балаларды желіден бір-бірлеп анықтап, шеттетіп жатыр. Мұндай қатаң бақылаудың басты себебі — балаларды кибербуллинг пен деструктивті контенттің уынан арашалап алу.

Премьер-министр Энтони Альбаниз бұл оқиғаны «балалық шақтың қайтарылуы» деп бағалады. Оның пікірінше, 4,7 миллион аккаунттың жабылуы — миллиондаған баланың смартфонға телмірмей, шынайы өмірге, спорт пен тірі қарым-қатынасқа бет бұруына мүмкіндік береді. Үкімет балалардың гаджетке тәуелділігін ұлттық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарастырып, технологиялық компанияларға салынатын 50 миллион долларлық айыппұл арқылы өз сөзін өткізіп отыр.

Дегенмен, бұл шешімнің айналасында дау да аз емес. Платформа иелері мен кейбір құқық қорғаушылар бұл қадамды «цифрлық оқшаулау» деп атап, сотқа шағым түсіруде. Бірақ Аустралия билігі баланың психикалық саулығы кез келген бизнестен немесе сөз бостандығы деген ұғымнан жоғары екенін қатаң ескертті.

Сіздің реакцияңыз қандай?

Ұнады Ұнады 0
Ұнамады Ұнамады 0
Керемет Керемет 0
Күлкілі Күлкілі 0
Сұмдық Сұмдық 0
Қайғылы Қайғылы 0
Жарайсың Жарайсың 0