«Буллингке ұласып бара жатыр»: Аида Балаева Армангүл Тоқтамұратқа қатысты даудан кейін мәлімдеме жасады
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде қызу талқыланған Құрылтай депутатының видеосынан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sadaq.kz.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мәдениет пен медиа саласында еңбек ететін мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі жүйелі түрде шешіліп келеді.
«Құрметті әріптестер! Соңғы күндері Құрылтайдың бірқатар депутаттарына қатысты, оның ішінде тұрғын үй мәселесі бойынша түрлі алыпқашпа әңгімелер мен орынсыз пікірлер айтылып, мұның соңы буллингке ұласып бара жатқаны байқалады. Мәдениет және ақпарат министрі ретінде Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өткім келеді. Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келеді»,– деді ол.
Министр қоғамда түсінбеушілік туындамауы үшін мемлекеттік органдар өкілдері мен Құрылтай мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары көтерген мәселелер бойынша қажетті түсініктемелер беруге тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар Аида Балаева кәсіби журналистиканың негізгі қағидаларының бірі – журналистік әдепті сақтау екенін еске салды.
«Кәсіби журналист жұмысының басты өлшемдерінің бірі – журналистік әдепті сақтау. Қудалау, жеке басқа тиісу, айла-шарғы жасау, елең еткізер тақырып үшін әдейі арандату кәсіби журналистке жараспайды. «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 4-тармағының тармақшасына сәйкес, кәсіби әдеп нормаларын сақтау – журналистің міндеті. Мұндай талап әлемнің барлық еліндегі журналистерге қойылады. Сыйластық сапалы журналистиканың дамуына әрдайым ықпал етеді. Сондықтан барша журналисті бұзғаны үшін тиісті шаралар көзделген аккредиттеу қағидалары мен іс-шаралар регламентін ғана емес, кәсіби әдеп нормаларын да сақтауға шақырамын»,– деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, журналистен қашқан депутат Армангүл Тоқтамұраттың әрекеті желіде қызу талқыланған еді.
Сіздің реакцияңыз қандай?
Ұнады
0
Ұнамады
0
Керемет
0
Күлкілі
0
Сұмдық
0
Қайғылы
0
Жарайсың
0