Дәулескер күйші Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» күй-концерті өтті

Күні кеше Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттiк драма және комедия театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Нұрғиса Дәуешовтің жеке шығармашылығына арналған «Тиек» күй-концерті өтті, деп жазады Sadaq.kz. Аталмыш шарада «Қорқыт» этно ансамблі, Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» актерлары, Қырғызстаннан арнайы келген қобызшы Гүлшат Таалайбекова, өзге де күйшілер, әншілер өнер көрсетті.
Киелі сахнаға жиырма жылдан кейін қайта шыққан ол ішкі дайындығының ұзақ жүргенін айтады.
«Күй – ұлтымыздың үні, тарихымыздың сыры. Күйге құрмет – тұтас ұлттық мәдениетіне деген тағзым. Араға жиырма жыл уақыт салып сахнаға қайта шыққанда елдің, елге тұтқа болып отырған азаматтардың, айнала қаумалаған жақындардың қошеметіне бөлену – айрықша сезім. Қара домбыраны жанына серік еткен азаматты қолдаймын деген ақ ниеттеріңізге Алла береке берсін!», - дейді Нұрғиса Дәуешов.
Кеш барысында күйші әр күйдің тарихы мен маңызына тоқтала келе, көпшілік біле бермейтін, ғылым түсіндіре алмайтын күйдің ерекше құдіретін тілге тиек етті.
«Аңшының зары» дейтін күй бар. Аты зар болғанмен көңілді күй. Аңшылықты суреттеп келеді, аяқ жағында ғана мұңлы саз шығады. Күйде домбыра «Атып алдым қайтейін?» деп сөйлейді. Зерттеушілер негізі «Минор» қазақта болмаған, отарланғаннан кейін пайда болды дейді. Сезімтал жеңгесі: «ойпырым-ай! Мына күйің бұрын-соңды естілмеген зар ғой! Сен не сұмдықты бастап отырсың! Осы, ағаңнан айырылып қалып отырғаннан саумысың?» — дейді. Кез келген жаманатты күй арқылы естірткенде естуші өзі түйсініп айтады»,- дейді ол.
Нұрғиса Дәуешов «Ақсақ құлан» күйінде де құланның шабысы бірсыдырғы болып келіп, кенет күй шорт үзіліп аяқталғанда Шыңғыс хан жағдайды бірден түсінгенін айтады.
«Шоқан қыршынынан қиылғанда аға сұлтан Шыңғысқа бір сыбызғышы, бір қобызшыны жібереді. Әу баста жаман ой жоқ күй тыңдап отырып «Шоқан өлді ма, не?!»- деп өзі сұрайды. Тағы бір аға сұлтан Ерденнің ұлы Айменде өлгенде Ықылас үш күн, үш түн күй тартып депрессиядан шығарып, басын көтереді. Күйден бөлек, шешендік өнер де солай адам өз аузымен айтқанда қайғының травмасы жеңіл өтеді. — Аһ!.. Менің Қарашашым өлген екен ғой? — дейді Жиренше шешен.
Құндылықтарымыз аяқасты қалып, қазір телефонмен естірте салған жәйттар көбейіп кетті. Естірту үлкен мәдениет. Басқа жолдармен естірту, жақынынан айрылған адамның өз аузынан шығатындай қылу бұл үлкен мәдениеттің көрінісі. Тіпті күй мал екеш малдың да депрессиясына ем болады. 2005 жылы Оскардың «Ең үздік деректі фильм» номинантына түскен «The Story of The Weeping Camel» дейтін деректі фильм бар. Моңғолша атауы «Ингэн нулимс», қазақшалағанда «Бозінгеннің зары» ғой кәдімгі. Картина өз ботасынан жеріген аруананың күйдің құдіретімен иуін суреттейді. Моңғол ағайын «Нар идірген» дәстүрін («Ингэ хөөслөх») ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік материалды емес мұралар тізіміне кіргізіп алған екен.
Бұл көшпелі жұрттың жан-жануармен қарым-қатынасындағы қасиетті ритуал десек те болады. Түйе екеш түйе екі жылда бір боталағаннан кейін стресс алып қалады. Қазіргі психолог-коучтардың тілімен айтқанда, «стресстен алған травма» кесірінен інген өз ботасын танымай қалады. Сонда ауылдың адамдары жиналып алқа-қотан отырады, сөйтіп толғақты күй тартады, өзіміздің бағзыдан келе жатқан «Нар идірген» дәстүрін жасайды. Содан күйге елтіген түйе боздап жылайды, желінінен сүт саулап қоя береді. Осылайша ветеринар емдей алмайтын, қазіргі ғылым еш шеше алмайтын уникальный тәсілді көшпелі халық күйдің құдіретінен тапқан. Талай жан тағдыр талқысына түсіп, шерменде баз кешіп тұйықталып қалғанда күйдің құдіреті депрессиядан шығарған», - дейді ол.
Сіздің реакцияңыз қандай?






