Энергетика министрі: жылу орталықтарында апаттың алдын алу мүмкін емес
Қазақстан энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елдің жылу электр орталықтарында (ЖЭО) апаттың алдын алу мүмкін емес деп мәлімдеді. Министр бұл туралы 11 қазанда мәжіліс кулуарында жылу беру маусымына қатысты журналистер сұрақтарына жауап бергенде айтты. "Апаттарға келсек, олар электр жүйесінде жиі болады. Оның көп себебі бар, сондықтан өкінішке қарай, одан қашып құтылу мүмкін емес. Апаттар санын қысқартуға келер болсақ, күрделі және кезекті жөндеу жұмыстарының көлемін жоспарлау керек" деді ол. Министрдің сөзін Ulysmedia.kz сайты жариялады. Бүгін, 11 қазанда мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров Қазақстан өңірлері жылу беру маусымына дайын емес екенін сынап, Теміртаудағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 мәселелері мен Қарағандыдағы апат туралы айтты. Саиров энергетика министрі Сәтқалиевке былтыр Екібастұздағы жағдай қайталануы мүмкін екенін айтып, министрден "халық, президент және парламент алдында жеке жауапкершілік сезесіз ме?" деп сұрады. "Иә, біз жеке жауапкершілікті сеземіз. Депутаттар алдында да, Қазақстан халқы алдында да барлық сұраққа жауап беруге дайынбыз" деді Сәтқалиев. 2022 жылдың аяғында жылу электр станциясындағы апаттан Екібастұз халқы қақаған қыста жылусыз қалды. Апаттан соң елде жылу желілерінің тозғаны, ал инфрақұрылымды жаңарту үшін тарифтерді көтеру қажет екені айтылды. Былтыр қарашада Риддер жылу электр орталығында да апат болып, қаланың 22 мың тұрғыны жылусыз қалған. Қалада төтенше жағдай жарияланған. Бүгін, 11 қазанда Риддер жылу орталығы мемлекетке 1 теңгеге берілетіні белгілі болды. Шешімді экономиканы монополиясыздандыру бойынша мемлекеттік республикалық комиссия қабылдаған. Үкімет ЖЭО-ның жаңа меншік иесімен келісіп, инвестор кәсіпорынның барлық қарызын өтеп, станцияны әкімдікке береді деп шешкен. Шілдеде жылу электр орталығы Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әміржан Нәбиевтің қолына өтті. Ол ЖЭО-ның барлық қарызын өз қалтасынан жабуға уәде берген еді. Биыл үкімет республикалық және жергілікті бюджеттен шамамен 55 миллиард теңге бөлген. 37,1 млрд теңгені тек жылу энергетикасы бойынша объектілерге жұмсау туралы шешім қабылданған.

Сіздің реакцияңыз қандай?