Франция супермаркеттеріне кибершабуыл жасалып, кәсіпкерлер шығынға батты
Франциядағы жүздеген супермаркеттің тоңазытқыштары кибершабуылдан қызып кетіп, өрт шықты. Миллиондаған шығын келтірілді.
13 қазан күні Франциядағы Carrefour, Monoprix, Intermarché, Coopérative U және E Leclerc сияқты ірі супермаркет желілерінің жүздеген дүкенінде тоңазытқыштар мен мұздатқыштар түн ішінде кенеттен 50 градус Цельсийге дейін қызып кетті. Бұл оқиға кибершабуылдың салдары екенін Coopérative U бас директоры Доминик Шельшер растады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, шабуыл дүйсенбі күні болған, деп жазады Sadaq.kz.
Шабуыл салдарынан тағамдар бүлініп, кейбір дүкендерде өрт шыққан. Al Jazeera мәліметінше, келтірілген шығын миллиондаған еуроға жеткен. Тоңазытқыштардың шамадан тыс қызуы азық-түлік қауіпсіздігіне үлкен қатер төндірді, себебі бұл жабдық жаңа өнімдерді сақтау үшін өте маңызды.
Доминик Шельшер LinkedIn-тегі жазбасында: "Бұл бұрын-соңды болмаған және қабылдауға болмайды", — деп жазды. Ол шабуылдың француз халқының азық-түлік қорына тікелей қауіп төндіретінін атап өтті.
Кибершабуылдың ауқымы
Sekoia компаниясының аға киберқауіпсіздік сарапшысы Феликс Аймнің айтуынша, шабуыл тек Франциямен шектелмей, Испания, Португалия, Польша, Германия және Бельгиядағы супермаркеттерге де әсер еткен.
Еуропалық комиссияның ауыл шаруашылығы және азық-түлік жөніндегі комиссары Кристоф Хансен шабуылды қатаң айыптап, азық-түлік қауіпсіздігіне барлық деңгейде көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтты. Ол азық-түлікті қаруға айналдыру шындыққа айналғанын ескертті.
CNBC тілшілері аталған супермаркет желілеріне түсініктеме алу үшін хабарласқанымен, әзірге жауап ала алмаған. Шабуылдың кім және қандай мақсатпен жасағаны әлі белгісіз.