Гейша: жұмбақ та сырлы жапон әлемі

Қазан 3, 2025 - 15:42
Гейша: жұмбақ та сырлы жапон әлемі

Жапония туралы сөз қозғағанда алдымен самурайлар мен гейшалар көз алдымызға келеді. Самурайдың бушидо ерлік дәстүрі жайында бұған дейін жазғанбыз. Бүгінгі әңгіме гейшалар хақында. Рйокан деп аталатын ұлттық қонақүйлер мен очаяда (шайхана түрі) ұлттық аспап шямисэн шертіп, өнер көрсететін сұлу бикештерді әдетте «гейша» дейтіні белгілі.

Жалпы шет ел жапон гейшасын Батыс ақпарат құралдары арқылы танып келді. Еуропада гейшаны тәнін саудалаушы ретінде қабылдайтын жаңсақ түсінік бар. Ал шын мәнінде гейша деген кім?

Ол – сан қырлы өнер иесі. «Гейша» сөзі «гей» (өнер) және «шя» (әрекет иесі) деген мағынаны білдіретін екі иероглифтен құралған. Яғни, гейша – таза өнер адамы. Гейшалар оюлы жібек кимоно киіп, көпшіліктің алдында өнер көрсететіндіктен, белгілі бір ережелерге бағынады. Олардың әр күні қатаң қағидаға сай өтеді. Гейшаның бетін әрлеуі мен шаш үлгісі де қалыптасқан талапқа сай болуы керек. Гейшалар қатысатын дәстүрлі көңіл көтеру кеші «одзашики» деп аталады. Өте қымбат болғандықтан гейша өнерін кез келген адам тамашалай алмайды.

Гейша кәсібін игерген бойжеткендер – ұлттық өнерге қызмет етушілер. Гейшалардың көп шоғырланған жері – ежелгі астана Киото мен елдің сауда-саттық орталығы Осака. Сонымен қатар гейшаларды бас қала Токиодан да көруге болады. Бұл ежелгі заманнан тек әйел кәсібі емес. Бұрынғы заманда Кабуки театрының еркек әртістері гейша ретінде қызмет еткен. Бұл салаға әйелдер кейін келген деседі. Аңыз бойынша, алғашқы әйел гейша Касэн есімді сұлу болса керек (1761 жыл). Жапонның ұлттық Кабуки театры мен гейшалар арасында бүгінге дейін тығыз байланыс орнаған.

3 желтоқсан – гейшалардың жұмыс жылы басталатын күн. Бұл күнді гейшалар ұстаздары мен очая иелеріне сыйлық беруден бастайды. 4 ақпан көктемнің басы саналады, ғибадатханаларда гейшалардың қатысуымен ғұрыптар өткізіледі. Мәселен, майколар ғибадатханаға жиналған жұртқа бұршақ шашады. Бұл – пәле-жаладан аластау ғұрпы.

Гейша өнерін тамашалауды «гейша асоби» дейді. Әдетте 3-5 гейшаның қатысуымен өтетін мұндай жиынға барғандар ұлттық өнердің саф түрімен сусындап, тынығады. Гейшалардың табысы да жоғары. Жаңа ғасырда гейшалар тауар жарнамалауға да, қайырымдылық шараларына да қатысып жүр.

Гейшаға қойылатын талаптар

Гейша үшін сұлулық, нәзіктікпен қатар үлкен төзімділік, еңбекқорлық қасиеттер маңызды.

Гейшаның бірнеше түрі бар. Гейша жолына түскен шәкірттерді майко деп атайды. Гейшаларды киген кимоносы мен «оби» белбеулеріне қарап ажыратады. Шәкірттер жұмысқа таңғы сегізде кіріссе, гейшалар екі сағат кейін бастайды. Арулар ән-би, икебана, түрлі өнер сабақтарына қатысады. Кешке арнайы кимоно киіп, бетін әрлеген соң тапсырыс бойынша, сауық кешіне барады. Гейшаға өнер көрсететін орында ас ішуге болмайды. Ұлттық аспаптарда ойнап, ән айтып, би билеу – бұл кәсіпті таңдаған арулардың негізгі ісі осы. Қонақ қандай тақырыпта әңгіме қозғаса да, гейша сұрақтарына жауап таба білуі керек. Гейшаның жұмыс уақыты түн жарымда бір-ақ аяқталады. Гейшаға қойылатын басты талаптың бірі – өнерін тамашалаған қонақ туралы сыртқа ақпарат бермеу. Яғни сауық кешінде қонақ сырын ақтарса да, ол естігенін елге жаймауы керек.

Гейша кәсібіне қыз баланы бүлдіршін кезінен баулиды. Яғни жас қызды кәсіби гейша өз қамқорлығына алып, өнердің қыр-сырын үйретеді. Гейша жолын таңдаған қыз арнайы курстарда шямисэн, фуэ, цудзуми сияқты ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді. Бұдан бөлек, жапонның ән-би өнері, шай демдеу дәстүрінің құпиясына бойлайды. Ұлттық поэзия, шйодоу (каллиграфия) мен сурет өнерін де меңгереді. Гейшалар ақпарат құралдары арқылы ел және әлем жаңалықтарынан хабардар болуға міндетті. Себебі, гейша қонақты сыртқы сұлулығымен тамсандырып қоймай, өнерімен таңғалдырып, керек кезде білімімен де көзге түсуі тиіс.

Гейша қандай өнер көрсетеді?

Ежелгі заманда гейшалар музыка мен биден бөлек арнайы шеберханаларда қолөнер, тігін тігу, жібек құртын өсіру, есеп-қисап сияқты салаларды игеруге міндетті болған. 1881 жылы бұл пәндер қысқарып, гейша үшін ең бастысы ән мен би болып белгіленді. Гейшалар қызмет ететін аймаққа қарай жергілікті жердің әнін айтып, биін билеп, сол аймақтың ежелгі аспабында өнер көрсетеді. Жапонияда әр өңірдің өзіне тән ұлттық тағамдарымен қатар, музыка, би түрлері де ерекше. Яғни гейша жергілікті өнердің сақтаушысы десек артық емес. Гейшалардың сауық кештерінде «компира фунэфунэ», «тосэнкйо», «гоишитори», «торатора» сияқты ұлттық ойын түрлерін тамашалауға болады.

Гейшалар кейде шетелдік құрметті қонақтардың алдында өнер көрсетеді. Гейшаларды сондай-ақ театрға бірге баруға, серуендеуге және мейрамханада бірге ас ішу үшін жалдайтын азаматтар бар. Жапонияда гейшалардың өнер фестивальдері де өте қызықты. Мәселен, Киотодағы Миякоодори фестивалі көне қаланың мәдениеті мен тарихын таныту мақсатында ұйымдастырылған.

Гейшалар қайда тұрады?

Гейшалар мен шәкірттері тұратын үй-жай «окия» деп аталады. Киотода гейша жолын таңдаған ару окияда тұруға міндетті. Ал Токиода майколардың жалдамалы пәтерге орналасуына рұқсат. Окия жұмысын тәжірибелі гейша басқарады. Егер окия иесінің қызы болмаса, шәкірттердің ішінен біреуін асырап алуына болады. Гейшаның «асыранды қызы» мұрагер боп есептеледі. Қазіргі таңда Жапонияда гейша болғысы келетін қыз бала алдымен орта мектепті бітіруі тиіс. Майколар арнайы емтиханнан өткен соң 21 жасында толыққанды гейшаға айналады. Гейша шәкірттерінің оқу мерзімі де әртүрлі. Мысалы, Токиода гейша деңгейіне жету үшін қыз бала жарты жылдан үш жылға дейін арнайы мектептен өтеді.

Гейшаның жолы жіңішке

Кез келген адам гейша бола алмайды. Өйткені бұл тауқыметі көп, жолы қиын кәсіп. Бірнеше жыл бұрын Жапонияда кимоно кию дәрісіне қатысқанымда, ұстаз гейша кимоносының салмағы 10 килограмға жететінін айтқан еді. Шын гейша көркімен, әсем оюлы ұлттық кимоносымен көз тарта отырып, ар-абырой тұрғысынан да аласармауы шарт. Кешке жиналған қауымның көңілін көтеріп қана қоймай, көпшіліктің жүрегіне көнеден жеткен ән-бидің әрін кетірмей жеткізе білу нағыз кәсіби гейшаның ғана қолынан келеді. Сондықтан орыс зерттеушілерінің гейша туралы жазғандарының бәрін дұрыс деп қабылдауға болмайды.

Жапон мәдениетін сырттай бақылаушылар әдетте гейша мен юдзйоны шатастырады. Гейша таза өнер адамы болса, «юдзйо» сөзі «жеңіл жүрісті әйел» ұғымын береді. 1779 жылы гейша ресми кәсіп ретінде тіркеліп, оны игергендер белгілі бір ережеге сай жұмыс істей бастады. Гейшаларға саф өнердің қасиетін сақтау үшін юдзйолармен қатар отыруға тыйым салынды. Гейшаларды «жеңіл жүрісті жапон әйелі» деп насихаттау Батыста ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін белең алды. Әсіресе американ солдаттары жапон қыздарына қырғидай тиген кездері болған. Батыста гейшаны тәнін саудалайтын әйелдің баламасы ретінде насихаттау осыдан басталған. Жапонияда жезөкшелікке ресми түрде 1947 жылдан бастап тыйым салынған. 

Гейшаның жезөкшелікпен айналысуына еш негіз жоқ. Оның беліндегі оби белбеуін де арнайы маман байлайды, гейша өздігінен шеше алмайды. Гейша кәсібімен айналысатын қыздардың компьютерді пайдалануына болмайды. 25 жасқа дейінгі гейшалар ұялы телефон ұстауға құқылы емес. Гейшалар өнер көрсететін очаяға шетелдіктердің кіруіне рұқсат етілмейді. Туристер гейша өнерін негізінен мейрамханаларда тамашалайды.

Гейшаның жеке өмірі

Гейша қоғамы – өз заңдылығы, басқалар оңайлықпен қабылдай алмайтын күрделі ережелері бар бөлек әлем. Әрине, гейшалар тұрмыс құрады. Бірақ отбасын құрған күннен бастап гейшалық кәсібі аяқталады. Гейша тұрмысқа шықпай басқа шаруамен айналысқысы келсе де кәсібімен қоштасуы керек. Мұндайда ұстаздары мен тұрақты қонақтарға, очая иесіне қорапшаға салынған піскен күріш таратуы тиіс. Бұл күріштің де гейша өмірі үшін символдық мәні бар. Егер гейша өмірлік серігін тауып, ұзатылып бара жатса, қорапшаға қызыл түсті күріш салуы керек. Ал егер қайтып келмейтін болса, ақ күрішті қорапша сыйлайды.

Гейшалар азайып бара жатыр...

Гейшалар – ұлттық рухты ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші, ел үш аса маңызды кәсіп иелері. Қандай жапонмен тілдессеңіз де, гейшаны өнерпаз ғана емес, ежелгі жапон мәдениетінің сақтаушысы ретінде құрметтейтінін байқауға болады. Гейшалар тек Жапонияны мекендейді және олардың саны өте аз. Киото, Токио, Нагоя сияқты қалаларда гейшалар шоғырланған аудандар бар. Бір ғасыр бұрын Жапонияда 80 мың гейша болса, бүгінде олардың саны 1000-нан аспайды. Киотода гейша өнерін үйренуші бойжеткендер саны жүзге әрең жетеді. Сондықтан жапондар гейша кәсібі болашақта жойыла ма деп қауіптенуде. Өйткені гейша индустриясы тек сұлу һәм өнерлі арулардан құралмаған. Бұл салаға шаш сәндейтін, кимономен айналысатын мамандар да аса қажет. Мәселен, гейша кимононы жалғыз өзі кие алмайды. Жапондар бүгінде Киотода кимоно кигізушілер саны екі-үшеуден аспай отыр деп дабыл қағуда.

Шарафат Жылқыбаева,

жапонтанушы

Сіздің реакцияңыз қандай?

like

dislike

love

funny

angry

sad

wow